СҚО-да ірі комбинаттың 500 адамы жұмыссыз қалғалы тұр
Полиция мәліметінше, қазба байлықтарын заңсыз өндіру салдарынан мемлекетке 600 млн теңгеден астам шығын келтірілген
Бірер күн бұрын СҚО-дағы Обуховский тау-кен байыту комбинатын полиция қоршауға алған. Алайда оның қызметкерлері карьердің бүкіл аумағын бұғаттау барысында ешқандай құжат көрсетілмегенін айтады. Сондай-ақ олар құқық қорғаушылар тарапынан жасалған озбырлықты жеткізді. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Обуховский тау-кен байыту комбинаты – смартфондар өндірісінде сұранысқа ие титан-цирконий рудаларының елдегі ең ірі өндірушісі. Бірер күн бұрын түнде шахтаға бірнеше полиция отряды келген. Жұмысшылардың айтуынша, олар жұмысты тоқтатуға әрекеттенген. Оның үстіне, кейде қатаң әрекет еткен.
Ал полиция компанияның кен өндіруге лицензиясы жоқ екенін мәлімдеді. Алайда комбинат басшылығы барлық құжаттардың дұрыс екенін, оның 2006 жылы алынғанын, әлі де жарамды екенін және ашық әрі қолжетімді екенін алға тартып отыр.
Полиция қызметкерлері жерден тас алып, арнайы техникамызға лақтыра бастады. Тас бульдозерге тиіп, терезесін сындырды, сосын біздің қызметкер отырған «Шахман» көлігі зақымданды. Қызметкердің өзі әрең аман қалды. Қазір болып жатқан нәрсе – нағыз шектен шыққандық, – деді «Северный шахтер» тау-кен байыту комбинаты жұмысшылары жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Екатерина Иванова.
Қызметкерлер компанияны қорғауға дайын. Өйткені олар сол жерден тұрақты жалақы мен әлеуметтік көмек алып отыр. Олар тінтулер, рейдерлердің басып алуы, жаппай аштық жариялау сияқты көп нәрсені бастан өткергендерін айтады. Ал бұл жолы компания заңгері құқық қорғау органдарының ештеңе түсіндірмегенін алға тартты.
Меніңше, олар не үшін, неден бастағанын өздері де түсінбейді. Ешқандай құжат ұсынылмады. Қазір жұмыс істеп жатқан 500 адамды жұмыстан шығаруға мәжбүрміз. Ал шын мәнінде, асырау немесе жалақы мүлде жоқ және әрекеттердің қаншалықты ауыр екенін ескерсек, ешқашан болмайтын да секілді, – деді Wise Advice заңгерлік фирмасының өкілі Екатерина Небогова.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті өздеріне Тайынша ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бастығынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді заңсыз өндірумен айналысқан бір топ адамға шара қолдану туралы арыз түскенін атап өтті.
Барлық мән-жайды, жұмысшылар мен жүргізушілердің жеке басын анықтау, қатыстырылған техникаларды нақтылау бойынша заңдық шаралар қабылданды. Алдын ала мәліметтер бойынша, қазба байлықтарын заңсыз өндіру салдарынан мемлекетке 600 миллион теңгеден астам шығын келтірілген, – деді СҚО ПД баспасөз хатшысы Мадина Ерғалиева.
Полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін Тайынша аудандық сотымен жергілікті тау-кен байыту комбинатының 3 жүргізушісі 5 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал зауыт өкілдері жергілікті полиция қызметкерлерінің озбырлығына байланысты Ішкі істер министрлігіне арыз түсіргенін жеткізді.