Жарты миллиард теңгеге түсірілген фильмді 325 адам ғана көрген – Дәулет Мұқаев
Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет қаржысына 600-ден аса фильм түсірілген
«Жизнь» фильміне бюджеттен жарты миллиард теңге бөлінген. Алайда бұл фильмді 325 адам ғана көрген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына жолданды.
«2023 жылдың 17 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда отандық кино саласын реформалау қажеттігіне нақты тоқталды. Бірақ бұл саладағы айқай толастар емес. Кино түсіргісі келгендер көбейді, дегенмен олардың дені өз қаражатына түсіріп жатыр.
Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының көбі «өз араларында» қалып жатқандай көрінеді. Өйткені, Ұлттық киноны қолдау орталығының фильмдері не сұранысқа, не халық тарапынан қолдауға ие емес. Тіпті, халық қазынасындағы қаржыны миллиондап құмға құйып жатқандаймыз», - деді Дәулет Мұқаев.
Депутат сөзіне бірнеше дәлел келтірді.
«2019-2023 жылдар аралығында отандық 100 фильмге шамамен 23 млрд теңге бөлінген. Ең қызығы оның барлығы 100% игерілген. Есебі тапсырылып, кино түсірілген.
Мысалы, Atlas Entertainment компаниясы түсірген отандық «Время патриотов» фильміне 1 млрд теңге жұмсалса, оның кассалық жинағы небәрі – 10 млн теңге. Бұл – жұмсалған соманың 1% ғана.
Сондай-ақ Satai film түсірген «Боксшы» фильміне 900 млн теңге жұмсалған, ал кассалық жинақ – 25 млн теңге. Фильмнің идеясы Олимпиада чемпионы Серік Сапиев туралы екенін білесіздер. Бірақ кино өте сапасыз әрі көрермендерге әсер сыйлай алмады.
Сонымен қатар «Медет фильм» түсірген «Лето 1941-го» отандық киносына 700 млн теңге бөлінсе, оның 2 млн теңгесі ғана қайтарылды. Бұл кеткен шығыннан 350 есе аз», - деді депутат.
Дәулет Мұқаев жарты млрд теңге бөлініп, 325 адам ғана көрген фильмді ерекше атап өтті.
Мысалы, «Жизнь» фильміне 500 млн теңге кетсе, небәрі 650 мың теңгесі қайтқан. Мысалы, орта есеппен кинотеатрлардағы билеттің бағасы 2000 теңге болса, онда бұл фильмді 325 адам көріпті-мыс. Сонда сіз болып, біз болып «Жизнь» деген фильмге бюджеттен жарты млрд жұмсап, 325 адам көру үшін ғана түсірдік пе?!, - деді ол.
Депутат фильм бюджет қаражатына түсірілсе, кино да тиісінше сапалы болуы керек деп есептейді.
Тәуелсіздіктен бері мемлекет қаржысына 600-ден аса фильм түсірілсе, соның ішінде өз-өзін ақтап, пайдаға шыққан фильм «Досмұқасан» туындысы ғана.
Аида Ғалымқызы, қазір әлемдік тәжірибеде кино индустриясы экономиканың қозғаушы драйверіне айналып отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан қаншама қаражатқа түсіріліп жатқан фильмдердің қызығын халық көруі қажет.
Мемлекеттен қаржылық қолдау алуға үмітті жобаларымен келген киногерлерді қолдаудың жан-жақты механизімін жетілдіру қажет, - деді Дәулет Мұқаев.