Наразылық шарасын жалақысының 50%-ы төленіп, орындары бос тұрып қалған 30-ға жуық жұмысшы ғана жалғастырып жатыр
Маңғыстау облысында West Oil Software мұнай сервистік компаниясы мен Great Wall Drilling компаниясының жұмысшылары ереуілге шығуын жалғастырып жатыр. Ал кейбіреуі өз орындарына қайта оралды.
Айта кетсек, Қарақиян аудандық соты West Oil Software компаниясының ереуілін заңсыз деп таныған болатын. Әкімдіктің хабарлауынша, компания енді еңбек кодексіне сәйкес ереуілшілермен еңбек шартын бұза бастаған.
Бұрғылау компаниясының 30-ға жуық қызметкері кеңсенің алдында ереуілді жалғастырып жатыр. Айта кетейік, бұлар – жалақысының 50%-ы төленіп, орындары бос тұрып қалған жұмысшылар. Тапсырыс беруші мен жұмыс беруші келісіп, содан кейін жұмысқа белгілі бір жұмысшылар тартылады деп күтіліп отыр, – делінген әкімдік хабарламасында.
Бұған дейін «Мұнайспецнаб» компаниясы мен KMG-Security-де ереуіл болған еді. Жұмысшылар жалақысын «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның бірыңғай еңбекақы жүйесінің 70%-ы көлемінде белгілеуді және ұлттық компанияның бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы бойынша кейбір кәсіптердің қатарын көтеруді бірінші болып талап етті. Әкімдіктің, ұлттық компанияның, жұмыс берушінің, құқық қорғау және қадағалау органдарының өкілдерімен кездесуден кейін ереуілшілер жұмысқа қайта оралды. Қазір олардың талаптары қаралып жатыр.
KMG-Security ауысым басшыларын жұмыстан шығаруды талап етті. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 16 қаңтарда наразылық білдірушілер толық құрамда еңбек міндеттерін орындауға оралды.
Облыстың әлеуметтік, еңбек саласындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыстары жалғасуда. Тәуекел аймағындағы кәсіпорындар үшін мүдделі мемлекеттік, қадағалау және құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ Ақтау қаласындағы «ҚазМұнайГаз» өкілдігімен бірлесіп, тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жедел және жүйелі шаралар іске асып жатыр, – деп мәлімдеді әкімдік.
Облыс басшылығы Еңбек кодексіне сәйкес ұжымдық еңбек дауларын алдымен жұмыс беруші қарайтынын еске салды. Шешім табылмаса, бітімгерлік комиссиясы тартылады. Ал егер ол келісім бермесе, онда еңбек арбитражына жүгінеді. Егер бұл арбитраж кейбір мәселені шеше алмаса, оны судьялар шешеді.
Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі департаменті күн сайын Маңғыстау кәсіпорындарындағы еңбек қатынастарының жағдайын бақылап отырады. Кәсіпорындардағы жағдайды өңірлік деңгейдегі үшжақты комиссия қарайды. Бұл комиссияда жұмыс берушілер де, кәсіподақ басшылары да сөз сөйлейді.
Еске сала кетсек, бұған дейін заңсыз ереуілдің жалғасуына түрткі болғандардың жұмыстан шығарылатнын жазған болатынбыз.