«Үшқоңыр тауын мұздай қаруланған топ күзетіп тұр». Депутаттар Бас прокуратурадан көмек сұрады
Мақсат Толықбай өңірдегі шаруалардың жердің игілігін көре алмай отырғанын айтты
Мәжілістегі AMANAT фракциясының депутаттары Алматы облысындағы Үшқоңыр тауын «жекешелендіріп», онда қарулы күзет қойған ықпалды адамдарды тексеруді сұрады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға, Бас прокурор Берік Асыловқа жолданды.
«Ел аман, жұрт тынышта, «тау-тасты қойын-қонышына тығып, меншіктеп алыпты» дегенді естідіңіздер ме?! Бәріңіз Үшқоңыр деген таудың барын білесіздер. Талайлардың кіндік қаны тамып, тірлігіне арқау болған сол тау бүгінде сай-сала, қырат-жоталарымен түгел бір азаматтардың ғана меншігінде.
Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан-аяғына дейін мұздай қаруланған топ күзетеді. Жол жоқ емес, бар. Бірақ жабық. Көзіммен көріп, сол таудың етегіндегі елмен тілдескен соң, депутаттық сауалға арқау болып отыр», - деді депутат Мақсат Толықбай.
Депутаттың пікірінше, мұндай заңсыздыққа жол беруге болмайды.
«Біріншіден, Үшқоңыр Іле Алатау паркіне қарайтындықтан, бұл аумақты Ұлттық парктің күзетшілері күзетуі керек емес пе? Әлде бұл тау «ДүниеАгро» компаниясына атасынан мұра болып қалған ба? Қыратқа кіреберістен 8 шақырым жерде орналасқан резиденцияның аумағы ғана қоршалып, шлагбаум қойылса бір сәрі... Жан баласын жуытпай, тауды айналдыра қоршап тастау – барып тұрған бассыздық.
Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне малын жая алмай, пұшайман күйде отыр», - деді ол.
Оның айтуынша, AMANAT партиясының жанынан жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы «Жер аманаты» комиссиясы құрылған.
Нәтижесінде Қазақстан бойынша 9 млн гектардан аса жер қайтарылды. Оның 1400 гектары осы аймақтан ел игіліне берілді. Сөйтсек, онымыз бекер екен. Жұртқа қажет жайылым жердің бәрі жаңағы қоршауда қалып қойған. Осылайша, жұрттың өз жеріне кірмек түгілі жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр, - деді депутат.
Мақсат Толықбай қандай компанияны тексеру керектігін айтты.
«ДүниеАгро» компаниясына 2004 жылы Үшқоңыр үстіртінде орналасқан жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген. Өйткені, заң талаптары бойынша (23-бап, 50-бап, 8 және 43-бап) арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұлғалардың жекешелеп алуына құқығы жоқ. Тіпті, оны бөлуге де келмейді. Бұл нормаларды жергілікті прокуратура жақсы біледі. Бірақ, жердің заңсыз берілу фактісі бойынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған. Сорақысы да сол болып тұр», - деді Мақсат Толықбай.
Депутат бұл мәселені шешуге жергілікті биліктің қауқары жетпейтінін меңзеді.
Қазақстанның заңына шекесінен қарайтын бұл не қылған шектен шығу?» деген халықтың базынасына қалай жауап береміз?
Сондай-ақ Үшқоңыр үстіртінде Steppe AgroMeat, Breeding Company сияқты екі-үш компанияның 13 597 га жерді әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталды. Жерді шұғыл түрде қайтару керек! Алайда алпауыттармен алысуға әкімдік пен аудан прокурорларының пәрмені жетпей ме күдік те жоқ емес, - деді Мақсат Толықбай.
Депутат Қарасай ауданында болып жатқан заңсыздықтарға Бас прокуратура мен Үкімет шұғыл түрде назар аударуы керек деп санайды.
Арнайы комиссия құрып, жоғарыда мен келтірген мәселелерге тиісті құқықтық баға беруге тиіс деп есептеймін. Президенттің ел игіліне қайтарылуы қажет жайылымдық жерлер бойынша тапсырмасын нақты орындауымыз керек!, - деді депутат Мәжілістегі AMANAT фракциясының атынан.