Тоқпен жүретін автокөлік иелеріне қандай талаптар қойылуы мүмкін?

Дәурен Ерболат

Заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленген

Фото: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Құжатты депутат Самат Мұсабаев таныстырды. Оның айтуынша, қазір әлемде электромобильдерге деген сұраныс артып келеді. 2020 жылы әлемде тоқпен жүретін 3 млн 240 мың көлік сатылған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 43%-ға көп.

«2021 жылы әлем бойынша 6,5 млн электромобиль сатылды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 109%-ға жоғары. 2022 жылы электромобильдер сатылымның жаңа рекордын орнатты. Әлемде 7,8 млн тоқпен жүретін көлік сатылды. 2023 жылы әлемде шамамен 17 млн электромобиль мен гибридті автомобиль сатылды. 2030 жылға қарай Қытай бензин қозғалтқыштарынан толық бас тартуды жоспарлап отыр. Зерттеушілердің пікірінше, 2035 жылға қарай әлем бойынша эксплуатацияда 130 млн электромобиль болады», - деді Самат Мұсабаев.

2021 жылы Глазгода өткен дүниежүзілік климат саммитінде Ұлыбритания, Үндістан, Аустрия, Польша, Канада, Түркия және тағы басқа елдер (барлығы 33 ел) және ірі 6 көлік өндіруші (General Motors, Ford, Mercedes, Volvo, Jaguar/Land Rover және BYD (Build Your Dreams)) 2040 жылға дейін іштен жану қозғалтқышы бар көліктерден (бензинмен жүретін автомобильдер) толық бас тартатынын мәлімдеген.

«Бірнеше күн бұрын Дубайда өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 28-конференциясының 8 іс-қимыл қарастырылған құжатты қабылданды. Негізгі іс-қимылдардың бірі – әртүрлі жолдармен көліктердің шығарындыларын азайту, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту және нөлдік немесе төмен шығарындылары бар көліктерді жылдам енгізуді жеделдету. Өйткені, электромобильдердің іштен жанатын қоғалтқышы бар көліктермен салыстырғанда экологиялық және экономикалық жаңғынан тиімділігі басым», - деді депутат.

Депутаттың пікірінше, қолдануға тежеуші фактор ретінде арнайы инфрақұрылымның болмауы және «мұнай өнімдерімен» жүретін көліктердің құнының төмендігі ескерілген.

Бүгінде елімізде жағдай түбегейлі өзгерді. Мысалы, 2023 жылғы 1 қаңтарда электрқозғалтқышпен 812 жеңіл көлік тіркелсе, 12 айдың қорытындысы бойынша 7 793 электр көлігі тіркелді. Бұл электромобиль санының 9,5 есе өскенін көрсетеді, яғни «жасыл» көліктерге сұраныстың көбеюі қажет инфрақұрылымды дамытуды ілгерлетуді талап етеді, - деді Самат Мұсабаев.

Депутат аталған заң жобасы бойынша «Қазақстандағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Автомобиль жолдары туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы», «Жол жүрісі туралы» заңдарына түзетулер енгізу көзделгенін жеткізді.

Заң жобасы төмендегідей нормаларды қарастырады:

  • «Электромобиль» және «электрозарядты станция» ұғымдарын енгізу;
  • Коммуналдық ақылы автотұрақтарда (автоптұрақтарда, паркингтерде) электромобиль иелері үшін тегін тұрақ орындарын пайдалану;
  • Тұрғын үй аймақтарындағы электрозарядты станцияларды жобалау, орнату және техникалық пайдалану ережелерін әзірлеу және бекіту бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттілігін анықтау;
  • Жергілікті атқарушы органдардың өкілеттілігі электрозарядты станцияларды орналастыру туралы шешімдерді қабылдау және такси тұрақтарын, әуежайларда, вокзалдарда, 1 және 2 санатты стационарлық сауда және мәдени ойын-сауық нысандарын, мәдени-демалыс парктері мен алаңдарын, даңғылдарды, көшелерді, кварталдарды электрозарядты станциялармен жабдықтау және ұйымдастыруды қамтамасыз ету.