Жүрсін Ерман өзі жүріп-тұра алатын болды
Арбаның серік болғанына бір жылдан асып еді...
Айтыскер Қазірет Бердіхан Instagram-дағы парақшасына кейінгі жылдары денсаулығы сыр беріп жүрген танымал ақын, айтыс ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманның аяққа тұрғанын жариялады.
Бүгін ерекше қуанышты күн болды. Әдеттегідей Жүрсін ағамызды дәрігеріне апаруға үйіне бардым. Сөйтсем, көкеміз есік алдына шығып, күтіп тұр. Арбасы жоқ. Қолында таяғы ғана. Қуанып кеттім. Сол арбаның серік болғанына бір жылдан асып еді. Ақыры керегі болмай қалды. Аяққа тұрды. Елдің батасы қабыл болды деген осы шығар. Бұйырса, осы фотодағыдай ортамызда күліп жүруді нәсіп етсін, - деп жазды Қазірет Бердіхан.
Еске сала кетсек, былтыр Жүрсін Ерманның жансақтау бөліміне түскені туралы ақпарат тараған болатын. Кейін қызы әкесінің жағдайын баяндады. Сонымен қатар ақын Еуропаға барып, өзі ем алып жатқан Женева қаласынан оқырмандарына сурет жолдаған еді.
Айта кетсек, былтыр Жүрсін Ерман «Отан» орденімен марапатталды.