Halyq Uni логотип
×

Астанада балаларды қызылшаға қарсы жаппай вакцинациялау жалғасып жатыр

Егу кабинеттері күн сайын сағат 8:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді

 Дастан Жұмабекұлы 16.01.2024 | 13:29
Астанада балаларды қызылшаға қарсы жаппай вакцинациялау жалғасып жатыр
Фото: gov.kz/ Астана қаласының әкімдігі

Астанада 6 айдан 10 айға дейінгі және 2 жастан 4 жасқа дейінгі балаларды қызылшаға қарсы жаппай вакцинациялау жалғасып жатыр, деп хабарлады қала әкімдігі.

Вакцинация қаланың барлық Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жасалады. Екпе алу үшін тіркелген жері бойынша емханаға хабарласу қажет. Қосымша жаппай иммундау үшін егу кабинеттері күн сайын сағат 8:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Дәрігер балаға екпе саоар алдында оны тексеріп, қызылшаның алдын алу және вакцинациядан кейінгі ықтимал реакциялар туралы кеңес береді, – делінген хабарламада.

Елімізде және қаламызда аурушаңдықтың өсуіне байланысты қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау қажет болды. Науқастардың көпшілігі – 18 жасқа дейінгі балалар. Көбіне 7 жасқа дейінгі балалар (85%) ауруханаға жатқызылған.

Дәрігерлер инфекцияның таралуы екпе алмаған балалардың кесірінен болып жатқанын айтты.

Ата-аналардың вакцинациядан бас тартуы, екпе алудың уақытын кейінге қалдыру мен басқа да себептерге байланысты ауру көбейіп жатыр, – делінген хабарламада.

Бұл ретте халықтың ең қорғалмаған санаттары – 6 айдан 11 айға дейінгі балалар. Егер баланың анасы вакцинация алмаған болса, онда 6 айға дейінгі нәрестеде қызылшаға шалдығу қаупі болады. Өйткені баланың денесінде ана сүтімен берілетін аналық антиденелер жоқ. Сондықтан егу жасына (1 жасқа) жетпеген балаларға ауруды жұқтыру қаупі бар. Дәрігерлер қызылшаның таралуын тоқтатудың және балаларды қорғаудың жалғыз жолы вакцинация екенін еске салады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама