Шикізат ең күшті синтетикалық препараттардың 550 мың дозасын өндіруге жеткілікті
Алматы облысында жас жұбайлар саяжай бау-бақшасында ірі зертхана ашып, синтетикалық есірткі өндірісін қолға алған. Есірткінің тауар айналымы – 7 миллиард теңге.
Нақты айтқанда, ерлі-зайыптылар химиялық реакцияға арналған агрегаттарды, өнеркәсіптік сорғышты, есірткілерді кептіруге арналған бөлмелердің жұмысын іске қосқан.
Полицейлер 2 зертханалық реакторды, 100 келі синтезделген есірткі ұнтағын және 800 литрден астам есірткі өндіретін прекурсорларды тәркіледі.
Мұндай шикізат ең күшті синтетикалық препараттардың 550 мың дозасын өндіруге жеткілікті. Оларды сатудан ерлі-зайыптылар 7 миллиард теңгеден астам ақша таба алар еді.
Айта кетейік, аса ірі мөлшерде, тіпті, топ құрамында есірткі өндіргені үшін ұсталғандар мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін түрмеге жабылады.