Қазір елімізде онкологиялық дертке шалдыққан 127 мыңнан астам адам бар
«Қазақстан халқына» қоры екінші және үшінші деңгейлі қатерлік ісік дертіне шалдыққан науқастарға инновациялық препараттарды сатып алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қор басшысы Болат Жәмішевтің мәліметінше, «Қазақстан халқына» қоры сатып алған препараттарды қабылдаған науқастардың арасында қайтыс болғандар да бар.
«Біз дәрігер емеспіз, бар болғаны денсаулық сақтау басқармаларының тапсырысы бойынша, дәрігерлер жазып берген препараттарды сатып алуды қаржыландырамыз. Мәселе ауыр орфандық аурулармен ауыратын балалар туралы болып отырғандықтан, одан қайтыс болатын жағдайлар болады. Сондай-ақ онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес, онкологиялық аурулардың екінші және үшінші деңгейі үшін дәрілік препараттарды сатып алатын боламыз. Онкология – ауыр дерттің бірі, науқас қайтыс болуы мүмкін. Сондықтан қор препарат сатып алған қанша науқастың қайтыс болғаны туралы айта алмаймын», - деді Болат Жәмішев.
Жәмішевтің пікірінше, Денсаулық сақтау министрлігі мониторинг жүргізіп, қор мен қоғамға мәліметтерді беріп отыруы керек.
«Бұл жерде басқа мәселені көтергім келеді, Денсаулық министрлігі бізге қор препарат сатып әперген науқастарға жүргізілген мониторинг туралы ақпаратты беріп отырса дейміз. Мен алдымен орфандық аурулар туралы айтып отырмын. Бүгінде Ресейде біз сияқты қорлар препараттарды олардың тиімділігін ескере отырып сатып алып жатқанын көріп отырмыз. Бізде де осындай схема жұмыс істесе дейміз. Бұл тікелей Денсаулық сақтау министрлігіне қатысты мәселе. Тиісті келіссөздерді жүргізіп жатырмыз. Осы орайда салаға қатысты барлық органдарға айтарым, орфандық ауруларды емдеуге қажетті дәрі-дәрмекті сатып алу үшін қаржыны қай көзден алғаны маңызды емес, ең бастысы мониторинг жүйесін қалыптастырып, бізге және қоғамға ақпаратты ұсынып отыруы маңызды», - деп қосты Жәмішев.
Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қоры елдің онкологиялық қызметін жақсарту мақсатында үш бағыттағы жобаны іске асырып жатыр. Соның бірінің аясында Ақтөбе, Қызылорда мен Алматы облыстарына жылжымалы медициналық кешен сатып алынған.
«Бұл көліктер автономды жылыту жүйесімен жабдықталған, жүріп келе жатып және стационарлық режимде жұмыс істей береді. Мысалы, Алматы облысында 2 ай ішінде бірнеше ауылды аралап, 37 онкологиялық дерттің күдігін анықтап, оның ішінде үш науқасқа диагноз қойылды. Бұл жоба қалаға келіп, медициналық тексеруден өтуге мүмкіндігі жоқ ауыл тұрғындарына көмек болды», - деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Хайдарова.
Бұдан бөлек ұйым онкологиялық қызметті дамыту үшін еліміздің медициналық ұйымдарын сәулелі терапия жабдықтарымен қамтамасыз ету, отандық дәрігерлердің шетелде біліктілігін аттыруды көздеп отыр. Сонымен қатерлік ісікке шалдыққан науқастарды емдеу үшін 9 түрлі инновациялық препарат сатып ала бастады. Бұл мақсатта биыл қордан 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді деп жоспарланған.
«Біздің үкіметтің бұл бағдарламасына қатысуымыздың себебі - қорға онкологиялық дертке шалдыққан науқастар жиі көмек сұрап келеді. Қазір пилоттық режимде үш өңірге ауыл тұрғындарына арналған жылжымалы онкологиялық скрининг сатып алынды. Қорда қандай да бір артық қаржылай ресурс болса, бұл жобаны кеңейтіп, басқа өңірлерге тарататын боламыз. Себебі ауылда ел халқының жартысына жуығы тұрады. Ауылдарда скрининг өткізу – ауруды ерте кезеңнен анықтауға мүмкіндік береді. Біз бұл жобаны әрі қарай іске асырамыз», - деді Болат Жәмішев.
Белгілі болғандай, бүгінде елімізде онкологиялық дертке шалдыққан 127 мыңнан астам адам бар.
2023 жылдың соңындағы статистика бойынша Қазақстанда диспансерлік тіркеуде 127 мыңнан астам адам тұр. Былтыр 39 мың адамның онкологиялық дертке шалдыққаны анықталды. Сондай-ақ жыл сайын шамамен 600 бала аталған дертке шалдығып жатыр. Бүгінде 12 мыңға жуық бала диспансерлік тіркеуде тұр, - деді Хайдарова.
Сондай-ақ маман Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші төмендегенін атап өтті.
Егер 2022 жылы елімізде онкологиялық аурулардан 13 мыңға жуық қазақстандық қайтыс болса, былтыр 11 мың адам қайтыс болды. Өлім-жітім көрсеткіші азайып, 5 жылдық өмір сүру деңгейі артып келеді. Бұл біздің қызмет үшін өте маңызды көрсеткіш, - деді онколог.
Еске сала кетейік, «Қазақстан халқына» қорына ұйымының құрылғанына 2 жыл болды. Қор құрылған уақыттан бастап 67 қайырымдылық бағдарлама мен жобаның бастамашысы болып, оны іске асыруға жалпы сомасы 177 млрд теңге жоспарланған. Бүгінде қорға 196,6 млрд теңге жиналды, 2 жыл ішінде ұйым 90,9 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті.