Астанада бірнеше құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды
22 техникалық қадағалау сарапшысы жұмысымен қош айтысты
Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы былтыр құрылыс комманияларын жоспардан тыс тексеріп, 288 заң бұзушылықты анықтады. Соның нәтижесінде 8 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Сапасыз құрылыс салғаны және құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізгені үшін 46 ұйым, құрылысты тиісті деңгейде бақыламағаны үшін 7 техникалық қадағалау ұйымы жауапқа тартылды. Сонымен бірге 22 техникалық қадағалау сарапшысының кейбіреуінің аттестаты жарты жылға тоқтатылып, кейбір сарапшы аттестаттан айырылды, – делінген хабарламада.
Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен ӘҚБтК 312-бабының 2-бөлігі, 313-бабының 1-бөлігі бойынша сапасыз құрылыс-монтаждау жұмысын орындағаны және мемлекеттік нормативтерді бұза отырып, жобалық құжаттаманы қабылдамағаны үшін 8 компания құрылыс лицензиясынан айырылды. Олардың арасында NAK development, «БазисДоСтрой», «КСМК-АФ», DBK-Engineering, «Пропилон», ANA Astanа, X-clusive Qurylyus Group ЖШС мен «ППК» жобалау-құрылыс компаниясы бар.