Түркістан облысында 138 шетел азаматы қамауға алынды

Динара Амантай

Жыл басынан бері заңсыз көші-қонға қатысты жеті қылмыстық іс қозғалды

Фото: Halyq Uni

Түркістан облысында 138 шетелдік азамат әкімшілік қамауға алынып, өзге елдің 124 азаматы елден аластатылды. Бұл туралы Polisia.kz порталы хабарлады.

Түркістан облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері 7 784 шетелдік пен азаматтығы жоқ адамдар қабылдаушы тараптардың хабарламалары негізінде есепке қойылған. Бұл өткен жылғы осындай мерзімге қарағанда 3,5 пайызға жоғары.

Атқарылған жұмыс нәтижесінде, республиканың көші-қон заңдылығын бұзған 3 919 шетелдік пен ҚР азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 771-і шетелдік азаматтар. Аталған құқық бұзушылардың 1495-іне ескерту берілсе, 1897 азаматқа әкімшілік айыппұлдар салынды. Ал 138 шетелдік әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ, өзге елдердің 124 азаматы ел аумағынан аластатылды, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 56 азамат және шетелдіктерді заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен еліміздің 367 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жыл басынан бері жалпы заңсыз көші-қонға қатысты жеті қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде мемлекеттік шекарадан заңсыз өту бойынша екі іс және заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға байланысты бес іс тіркелген.

Өтініш білдірген шетелдіктерге түгелдей рұқсаттар рәсімделіп, 1930 шетелдіктің рұқсаттары ұзартылған. Бұған қоса Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы 842 адам арызданып, 790 адам департамент тарапынан жеңілдетілген тәртіппен қабылданды.