×

Елімізде мал ұрлаумен айналысқан 300-ден аса адам ұсталды

Ұрланған 8,5 мың бас малдың тең жартысы иесіне қайтарылды

 Дәурен Ерболат 15.01.2024 | 12:40
Фото: altaynews.kz

Қазақстанда бір жылда мал ұрлаумен айналысқан 300-ден аса адам немесе 59 қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы ІІМ криминалдық полиция департаменті басқарма басшысының орынбасары Жандос Батырбеков айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ІІМ өкілінің айутынша, елімізде мал ұрлығы көбінесе жайылымда жасалады.

Әдетте мал ұрлығының 75%-ы жайылымда болады. Соңғы 5 жылда мал ұрлығы 62,5%-ға төмендеді, былтырғы көрсеткіш – 16,3%, - деді Жандос Батырбеков ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

2023 жылы Қазақстанда «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы 4 рет өткізілген.

Оның барысында мал ұрлығына қатысы бар 450 адам, 75 қылмыстық топ ұсталды. 8,5 мыңнан астам ұрланған малдың тең жартысы (4 493 бас мал) табылып, иелеріне қайтарылды, – деді ІІМ криминалдық полиция департаменті басқарма басшысының орынбасары.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі қылмыстық топтармен күресіп, мал базарларын бақылауға алған.

Нәтижесінде 2023 жылы 300-ден аса (376) мал ұрлығы анықталды. Оның ішінде 59 қылмыстық топ ұсталды, - деді Жандос Батырбеков.

ІІМ мал ұрлығын болдырмау үшін тұрғындарға мынадай кеңес берді:

  • Малды қараусыз қалдырмау үшін үшжақты келісімшартқа (малдың иесі – әкімшілік – малшы) отырған жөн;
  • Асыл тұқымды малды бақылау үшін GPS-трекерлерді орнату керек;
  • Мал басын міндетті түрде таңбалау. Бұл болашақта ұрланған және жоғалған малды іздеуге, сондай-ақ тараптар арасындағы ықтимал дауларды шешуге мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама