Ашуға мінген ата-аналар 5-сынып оқушысының отбасымен бірге ауылдан көшіп кетуін талап етіп отыр
Жамбыл облысындағы Байзақ ауданына қарасты Ақшолақ ауылында айтуға ауыз бармайтын келеңсіз оқиға болғаны айтылды. Осы ауылдағы мектептің 5-сынып оқушысы былтыр оқу маусымы басталғанан бері 1-ші және 3-сыныпта оқитын екі оқушыны зорлап келген. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне жәбір көрген оқушылардың ата-анасы айтып берді.
«Балалар жылы дейді, мынау не енді? Немереміздің құқығын таптады ғой. Мұндай масқара біздің ауылда болады деп кім ойлаған?! Көрсең көзіңе сенбейтін, естісең құлағың қабылдамайтын масқара ғой! Сонда мектеп директоры, ұжымы қайда қарады?», - деп бастады әңгімесін үшінші сынып оқушысының әжесі.
«Зорлық көрді» деген бастауыш сынып оқушыларының ата-анасы атын атамауды әрі жүзін көрсетпеуді өтінді. Ауылдың атымен аталатын білім ошағының алдына жиналған ата-аналар бұл жағдайға бесінші сыныпта оқитын баланы кінәлап отыр. Ашуға булыққан ата-аналар күдікті оқушының отбасымен бірге ауылдан көшіп кетуін талап етті.
«Кейінгі кездері «папа мен ана баладан қорқамын» дегенде мән берген жоқпын. Соңғы жағдай 16 мамыр күні түстен кейін болды. Сол күні балам үлкен дәретте отырып, маған болған жағдайды айтты. Түбемнен жай түскендей болды. Алдап-сулап әңгімеге тартып, ішіндегісін шығарып алдым. Басында жасырғанмен, кейін бәрін баяндап берді. Негізі, балам үлкен дәретін жіберіп қоятын. Басында оған мән берген жоқпыз. Кейін бұл жағдайға тереңінен үңіле бастадық. Бұл негізі 2021 жылдың қыркүйек айында болған оқиға болып тұр. «Сол жылдан, сол айдан басталған, сол кездері көбірек болды, папа» деп балам өзі мойындап тұр», - деп ауыр күрісініп жәбір көрген оқушысының әкесі.
Ашуға булыққан әрі жыларман күйде тұрған ата-аналар 5-сынып оқушысының ұлдарын біреудің үйі үшін деп қаланған іргетасына «ақша беремін, тірлік істетемін» деп алдап апарып, арам ойын іске асырып келгенін айтады. Тіпті, ауыл ішінде бос қалған ескі дәмхананың әжетханасына апарып, ойына келгенін істеген.
«Жайлап отырып сөйлескенде балам айтты: «Мама, ол бізге тиіседі. Боқтық сөздер айтады, алдайды. «Ақыртас» тарихи кешеніне апарамын деп, ақша беремін деп темір жинатқызады. Алдап-сулау арқылы үнемі бізді алып кетеді» деді. Ауылда ескірген кафе бар, соның әжетханасына апарып тиіседі екен. Бұтың ашқызып, жыныс мүшесін көрсетеді екен.... Мектеп пен оның мұғалімдерін кінәлап жатқаным жоқ. Тиісті арызымды апарып бердім. Полицияға да бардық. Енді солар анықтап, кінәліні тауып берсін! Не болғанын, қашаннан бері жалғасып келе жатқанын балалар өзі айтып отыр. Айы-күніне дейін айтып отыр. Енді соның бәрін хатқа түсірсін, құжатқа қаттасын. Күдіктіден де түсінік алуын талап етеміз», - деді жәбір көрген 3-сынып оқушысының анасы.
Ал мектеп директоры бұл жағдай білім ошағының ішінде болмағанын айтып ақталды. Осындай әңгіме шыққалы психологтарды жұмылдырып, оқушылармен жұмыс істепті.
Жәбір көрген балалар сабаққа баруын тоқтатқан. Оларды ата-анасы жібермей қойған.
Бұл іс әлі де ол соңына дейін зерделенеді. Қазір нақты дәлел жоқ. Бірінші және үшінші сынып оқушыларының ата-анасы балаларын сабаққа жіберген жоқ. Ал 5-ші сынып оқушысы қазір сабақта жүр. Ешқайсынан ауытқу байқалып тұрған жоқ. Бәрі бұрынғыдай, - деді Ақшолақ орта мектебінің директоры Нұралы Сейдахметов.
Жәбір көрген 3-сынып оқушысының анасы кінәлі анықталып, жазасын алған соң баласын Астанаға алып оқытуды ойлап отыр. Ол үшін істің соңына дейін тергеліп, қылмыстық іс қозғалғанын қалайды.
Байзақ аудандық полиция бөліміндегілер әзірге тек ата-аналардың арызын қабылдап алғанын айтты. Бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалған, қозғалмағаны туралы тіс жармады. Бірақ араға біраз уақыт салып, тек тексеру жүргізу мен түсінік алу ғана жүретінін ресми мәлімдеді.
«19 мамырда Байзақ ауданы Ақшолақ ауылының тұрғыны әлеуметтік желіге осы ауылда тұратын кәмелет жасына толмаған балаға қатысты 2021 жылдың қыркүйек айында 10 жастағы оқушының зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны туралы ақпарат жариялаған. Аталған деректі анықтау мақсатында Байзақ ауданының полиция бөлімімен тексеру жұмыстары басталды. Кәмелетке толмаған 6 және 8 жастағы балалар аудандық орталық ауруханаға жеткізіліп, оларды тексеру барысында жарақат белгілері анықталмаған. Алайда, олардың ата-анасынан арыз алынып, тіркелді. Қазіргі уақытта 10 жасар 5-сынып оқушысына қатысты тексеру амалдары жүргізілуде, қосымша аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар комиссиясында қаралатын болады», - деді Жамбыл облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Құндыз Бөгенбаева.