Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды
Бас прокуратура қылмыстық істі тергеуді аяқтады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды.
Бас прокуратура істің сотқа жолданғанын хабарлады. Оған қатысты тергеу қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі (билікті немесе лауазымды өкілетін теріс пайдалану) бойынша жүргізілген. Бұл бап бойынша кінәлі деп табылса, белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Бұған дейін Бас прокуратура Самат Әбіштің Қазақстанда екенін, ешқайда кетпеу туралы қолхат алу бұлтартпау шарасы қолданылғанын мәлімдеді.
Арнайы прокурорлар Самат Әбішке қатысты «қаңтар оқиғалары» кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді.
МӘСІМОВ 18 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ
Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.
ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.