Хабар-ошарсыз кеткен 30 адам табылды
Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі іздеуде жүрген 58 қылмыскерді ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Кейбір қылмыскердің қалай ұсталғанын ІІМ Криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары Руслан Назаров айтып берді.
«Ақтау полициясы жергілікті тұрғынды ұстады. Былтыр қарашада ол мас күйінде қаладағы кафелердің бірінде жанжал шығарып, тұрғынды ұрып-соққан. Жәбірленуші ауыр халде ауруханаға жатқызылды.
Өзбекстанның Үшқорған қаласында жергілікті құқық қорғау органдары Алматы облысының криминалдық полиция қызметкерлерімен бірлесіп, іздеуде жүрген өзбекстандықты ұстады. Ол 2 адамды өлтірді деген күдікке ілінген. 2012 жылы ер адам Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында жұмыс істеп жүріп, зейнеткерлердің үйіне заңсыз кірген. Осылайша, оларды өлтіріп, ақша ұрлап кеткен.
Астанада полиция қостанайлық әріптестерімен бірлесіп, 2020 жылы «Елордада салынатын тұрғын үй кешеніне инвестиция саламыз және броньдаймыз» деген сылтаумен 144 үлескердің ақшасын иемденген компания директоры мен құрылтайшысын ұстады. Олар тағы 2 ЖШС басшысымен бірге 4 млрд теңгені жымқырған. Соңғы екеуі бұрын ұсталған. Қазір олардың үстінен тергеу жүріп жатыр, - деді ол.
Сондай-ақ криминалдық полиция хабар-ошарсыз кеткен 30 адамның қайда жүргенін анықтады.