Оның немере інісі де қамауға алынды
Петропавлда әйелін пышақтап өлтірген ер адам 10,5 жылға, ал ауыр қылмыстың ізін жасыруға көмектескен оның немере інісі 1,5 жылға сотталды.
Солтүстік Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыс былтыр 13 шілдеде жасалған. Ер адам әйелімен жанжалдасып, оны үй маңындағы орманға апарған. Сол жерде ас үй пышағын әйеліне бірнеше рет сұғып, кейін денені жасыру үшін немере інісінен күрек ала келуін өтінген. Кейін екеуі денені шұңқырға тастап, үстін топырақ, жапырақпен жауып кеткен.
Қылмыскерлер кінәні толық мойындады. Олардың қылмысы сараптама қорытындысымен, айғақ заттармен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді.
Прокурор айыпталушыны 11 жылға, ал оның немере інісін 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Қылмыстық іс бүгін СҚО қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот ер адамды 10,5 жылға, оның туысын 1,5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.