Құжаты жоқ мыңға жуық қазаққа елімізде тұруға рұқсат берілді
121 шетел азаматы елден шығарылды
Павлодар облысында полиция көші-қон заңнамасын бұзған 2 мыңнан аса шетелдікті жауапқа тартып, құжаты жоқ мыңға жуық қазаққа өңірде тұруға рұқсат берілді. Бұл туралы облыстық ПД көші-қон қызметінің басшысы Дәулет Ысқақов айтты, деп хабарлады Polisia.kz.
Ол өңірде 8 654 шетелдік тұратынын атап өтті.
Оның 6014-і – Ресей азаматы, ал 1 545-і – этникалық қазақ. Бір жылда полиция 8 569 шетелдікті тіркеді: 43 адам – алыс шетелден, 8 526 адам – ТМД елдерінен. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 2015 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 121 шетелдік елден шығарылды, - деді ол.
Елімізде заңсыз жұмыс істегені үшін 490 шетелдік, оларды жұмысқа алғаны үшін 137 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Сондай-ақ бір жылда Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен 885 шетелдік алды.
Қазақстандықтардың арасында жоғары сұранысқа ие қызметтің бірі – құжат беру. Былтыр 12 айда облыстың 95 мыңға жуық тұрғынына жеке куәлік және төлқұжат берілді. Қазақстан азаматтығын 853 шетелдік алды. Сонымен қатар облыста 2 571 шетелдікке және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат берілді. Оның 985-і – қазақ, - деді Дәулет Ысқақов.