Оның қомақты ақшаны не үшін алғаны анықталып жатыр
Батыс Қазақстан облысында полиция кәсіпкерлерден миллион доллар бопсалаған ер адамды ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері етті мал шаруашылығымен айналысатын компания құрылтайшыларынан 1 миллион доллар (451 млн 765 мың теңге, 1 доллар – 451,77 теңге) бопсалаған күдіктіні Toyota Mark II көлігінде ақша алып жатқан жерінде ұстады.
Көлікті тінту кезінде сол жақтағы алдыңғы орындықтың қалтасынан 4 млн теңге тәркіленді. Сондай-ақ ер адамның барсеткасынан 50 мың теңге табылды.
Қазір Қылмыстық кодекстің 194-бабы 4-бөлігі («Бопсалау») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.