Halyq Uni логотип
×

Қазақстанның солтүстігіндегі өңірлерге газды Ресейден тарту керек – сенатор

Премьер-министрге депутаттық сауал жолданды

 Дәурен Ерболат 11.01.2024 | 16:01
Қазақстанның солтүстігіндегі өңірлерге газды Ресейден тарту керек – сенатор
photo © Halyq Uni / Алиакпар Қадырбаев

Сенат депутаты Әсем Рахметова Қазақстанның солтүстігіндегі өңірлерге газды Ресейдің Омбы және Түмен облыстарынан тартуды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат пікірінше, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарын табиғи газбен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі.

«Өңірлерге сапарымызда тұрғындар мен бизнес өкілдерінің газ мәселесін ерекше көтергенін байқадық. Себебі, бұл облыстардың халқы газдың өмір сапасына қалай әсер ететінін Ресейдің Қостанайға шекаралас жатқан Түмен, Омбы, Қорған облыстары тұрғындарының тұрмысынан көріп отыр. Көгілдір отынның игілігін көріп отырған көршілеріне қарап, көмір тасыған ауыл тұрғынының тілегін жеткізіп отырмыз», - деді Әсем Рахметова премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Сенатордың айтуынша, 2023-2030 жылдарға арналған Қазақстанды газдандырудың кестесі бойынша солтүстік өңірлерге газ тарту жұмысы тек 2026 жылы басталады.

Энергетика министрлігінің Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарын газдандыру жөніндегі жоспары 2026 жылдан басталады. Алайда бұл жұмыс Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралінің екінші желісі салынып біткеннен кейін қолға алынбақ. Газды Астанадан Көкшетау қаласына, әрі қарай Петропавлға жеткізу көзделген, - деді депутат.

Әсем Рахметова солтүстік өңірлерді газдандырудың балама жолы барын атап өтті.

«Олардың бірі – Ресейдің Түмен облысының Ишим қаласында қосылу нүктесі бар магистральді газ құбырын салу. Ишим қаласы Петропавл қаласынан 156 шақырым жерде орналасқан. Бір кездері осы жобаның бүкіл экономикалық-техникалық сараптамалары мен алдын ала есебі жүргізілген болатын. Омбы қаласынан Петропавлға газ жеткізу нұсқасын да қарастыруға болады. Бірақ бұл жағдайда газ құбырының ұзындығы 286 шақырым болады», - деді ол.

Депутат Ресейден газды Петропавлға тарту жобасы Сарыарқа магистральді газ құбырына қосылуға да мүмкіндік беретінін жеткізді.

Әлихан Асханұлы, сізден Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандырудың нақты мерзімін белгілеуді сұраймын. Ресейге қарасты Түмен облысы Ишим қаласында қосылу нүктесі бар магистральді газ құбырына қосылу аталған өңірлерді газбен қамтамасыз етудің баламалы нұсқа ретінде қарастырылып отыр ма? - деді Әсем Рахметова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама