Halyq Uni логотип
×

Ақтөбеде тұрғындар хлор буынан уланып қалды

103 бекеті тұрғындардан қоңыраулар әлі де қабылданып жатқанын растады

 Еркеғали Болатұлы 11.01.2024 | 10:44
Ақтөбеде тұрғындар хлор буынан уланып қалды
фото: topuch.com

Ақтөбеде көпқабатты үйдің тұрғындары хлор түтініне уланып қалды. Анықталғандай, құрылыс салушы адамдарға ескертпестен жертөлені химиялық заттарға толтырған. Соның салдарынан тұрғындар медициналық көмекке жүгінген. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Жанжал адамдардың жаппай улануынан туындаған. Олардың барлығында көздің жасаурауы, тамақ ауруы, тыныс алудың қиындауы сияқты бірдей белгілер болған.

Жедел жәрдем әлі де келіп жатыр. Үшеуінің жағдайы нашар болды. Бүгін бір балаға дәрігерлер шақырылды. Мұның бәрін өздері емес, СЭС арқылы жасауы керек еді. Бұл ақыр соңында азаматтардың улануына әкеліп соқты, – дейді Руслан Көшенов атты тұрғын.

Тағы бір тұрғын Клара Әжниязова өзінің әлі де ауырып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, түні бойы шу болып, санэпидстанция қызметкерлері де келген. Екі әйел ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оларға көмек көрсеткен.

103 бекеті тұрғындардан қоңыраулар әлі де қабылданып жатқанын растады.

«Батыс-2», 40-үйден қоңырау түсті. Уланудан зардап шеккендерге жедел жәрдем барды. Тексеру кезінде мұның хлор буларынан уланудың жағдайы екені анықталды. Әйелдер көпбейінді аурухананың токсикология бөліміне жеткізіліп, көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді, – деді Ақтөбе облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Мұрат Жанқұлов.

Тұрғын үй екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Бүгінде оның басқару нысаны жоқ. Сондықтан үйді салушы оған кепілдік мерзімі аяқталғанға дейін жауапты. Компания өкілі жағымсыз иісті кетіру үшін жертөлеге хлор себілгенін мойындайды. Оған дейін кәрізді су басып қалған екен.

Суды шығарып, иісін тазарту үшін 4-5 келі хлор себілді. Улану осының салдарынан болған. Түнгі сағат 1-ге дейін бәрін тазалап, үгіндімен жауып тастадық. Кәріз жүйесі қоқыспен бітеліп қалған, себебі тұрғындар бүкіл қоқысты сонда тастайды, – деді «Құрылыс компаниясы» СК бөлім басшысы Әлібек Кенжебаев.

Ең қызығы, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мамандары оқиға орнында болып, ауаны өлшеп, сараптама жүргізген, бірақ нормадан асып кетуді анықтамаған. Олардың пікірінше, адамдар есік-терезелерін ашқандықтан хлор буы сейіліп үлгерген болуы мүмкін. Ал мұндай жұмыстарды жүргізбес бұрын санитарлық дәрігерлердің рұқсаты талап етілмейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама