«Атырау-Тараз» бағытындағы ұшақта 15 жастағы қыз темекі шеккен
Оның ата-анасы жазаға тартылады
SCAT әуе компаниясының «Атырау-Тараз» бағытындағы рейсі ұшып келгеннен кейін полиция 15 жастағы қызды ұстап әкетті, деп хабарлады көліктегі полиция депаратменті.
Кәмелет жасқа толмаған қыз ұшу кезінде салонда электронды темекі шеккен. Полиция онымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Ұшақ бортында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертті. Заң бойынша 15 жастағы қыздың заңды өкілі жазаға тартылады.
Қыздың заңды өкіліне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы 1-бөлігі, яғни кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, - делінген ресми хабарламада.
Айта кетсек, былтыр көліктегі полиция қызметкерлері түрлі әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 45 962 адамды, соның ішінде кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 70 адамды әкімшілік жауапқа тартты.