Меніңше, ондай адамдар өмірінің соңына дейін психиатриялық ауруханада болуға тиіс, - дейді ІІО ардагері
Петропавлда 90-жылдары қатігездікпен атышулы қылмыс жасаған 2 адам бостандыққа шықпақ. Енді тұрғындар сериялық өлтірушілер мен зорлаушылар бұрынғы әдеттеріне қайта басады деп қорқып отыр. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Осыдан 25 жыл бұрын қыз сабақтан кейін үйге оралмаған. Бассүйегі сынған, 13 пышақ жарақаты бар 1-сынып оқушысының денесі 1998 жылы 19 желтоқсанда орманнан табылды. Сол жазда Петропавлдың шетінде атышулы белгісіз маньяк та жүрген еді. Ол «қылқындырғыш маньяк» атымен белгілі болған. Қаскөй ағаштар арқылы терезелерден өтіп, қыздар мен әйелдерді қылқындырып өлтірген, зорлап, тонаған. Сол кезде 2 қаскөй бүкіл халықты үрейде ұстайтын. 25 жыл жазасын өтеген олар биыл бостандыққа шығады. Көптеген петропавлдықтар осыған алаңдаулы.
Бұл ретте петропавлдық қылқындырғыш маньяк 7 жыл бұрын мерзімінен бұрын бостандыққа шығып, темір торға қайтадан тоғытылған. Себебі 2021 жылы ол бір қызға шабуыл жасап, тағы 3 жыл түрмеде отырды. Ішкі істер органдарының ардагері Шәмшәдин Байқауытов өзінің кәсіби тәжірибесіне сүйене отырып, бір рет заң бұзғандардың жартысынан көбі бостандыққа шыққаннан кейін дәл сол қылмысқа қайта баратынын айтады. Сондықтан қазір қоғамға маньяктарды жіберу қауіпті.
Маньяктар – ауытқығандар, ауру. Бізде сондай Жұмағалиев деген болған. Ол босатылуға тиіс. Каннибализммен айналысып, адамның етін жеген. Есі дұрыс жан адам етін жей ме? Әрине, бұл – ауру. Оларды емдеу керек. Меніңше, ондай адамдар өмірінің соңына дейін психиатриялық ауруханада болуға тиіс. Өйткені ертең олар бостандыққа шықса, бұрынғы әдеттеріне басады, – деді Шәмшәдин Бақуатов.
Ал психологтар мұндай адамдарда эмпатия дамымағанын алға тартып отыр. Басқа адамның жан немесе тән жарасын сезінбеу бала кезінен туындайды және мұндай сезімдерді ояту мүмкін емес. Алайда тәртіп сақшылары тұрғындар үшін алаңдайтын дәнеңе жоқ деседі.
Бас бостандығынан айыру және оқшаулау сотталған адамның бойында мақсат қою, жаңа құндылықтарды қалыптастыру және өмір сүруге құштарлық сияқты жаңа қасиеттерді қалыптастырады. Айтайын дегенім, шешім қабылдау кезінде сот психологтардың қорытындысын ескере отырып, сотталушының бостандыққа шығуға дайындығына қарайды, – деп мәлімдеді СҚО ҚАЖД аға инспекторы, психолог Жанна Жүсіпова.
Сонымен қатар мұндай адам тұрақты бақылауға алынады. Учаскелік инспекторлар бақылаудағы адамның мекенжайына мерзімді түрде барып, оның өмір салтын, немен айналысатынын, қайда және кіммен жұмыс істейтінін біліп отырады.