Оған тиесілі болған 650 млрд теңге мемлекетке қайтарылды
Антикордың ресми өкілі Арман Тілеукенов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, кәсіпкер Қайрат Сатыбалдыға қатысты тағы бір істің тергеліп жатқанын, оның салықтан жалтарды деген күдікке ілінгенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазір Қайрат Сатыбалдыға қатысты Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі («Қылмыстық жолмен алынған кірістер және заңсыз ақшадан түскен пайданы жылыстату») бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қайрат Сатыбалды түрлі мүлік, оның ішінде шетелден де мүлік сатып алған. Ол Қазақстандағы және шетелдегі банктерден ақша алған. Бүгінде бұл іс сотта. Сондай-ақ тағы бір салықтан жалтару әрекеті бойынша тергеу жалғасып жатыр, - деді Арман Тілеукенов.
Ресми өкіл Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қомақты қаржының мемлекетке қайтарылғанын жеткізді.
Осы адамға (Қайрат Сатыбалдыға, – автор) тиесілі болған активтің бәрі бұғатталды. Олар мемлекет пайдасына қайтарылып жатыр. Қазір мемлекетке 850 млрд теңгеден аса қаражатқа дейін қайтарылды, - деді ол.
Арман Тілеукеновтің айтуынша, 2022 жылдан бері қылмыстық істер аясында мемлекетке 912 млрд теңгенің активі қайтарылған.
2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша бұл сома 850 млрд теңге болды. Оның 650 млрд теңгесі – Қайрат Сатыбалдыға тиесілі, - деді ресми өкіл.