Ол бұрын осындай қылмыс жасаған және сол үшін жазасын өтеп жатқандығы белгілі болды
Семей тұрғыны 2 млн теңгеден астам ақшаға жанар-жағармайдың жалған талондарын сатқан, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, өткен жылдың тамызында ПБ-ға алаяқтың құрбаны болған азаматтар жүгінген. Жас жігіт өзін кәсіпорындардың бірінің қызметкері немесе арақ-шарап зауытының экспедиторы ретінде таныстырып, автокөлік жүргізушілеріне литріне 260 теңге бағамен дизель отынын құюға талондар ұсынған. Жасалған мәміледен кейін азаматтар жалған талондар сатып алғанын автокөлікке жанармай құю станциясында жанармай ала алмаған кезде түсінген.
Полицейлер жанар-жағармай материалдарына жалған талондардың көшірмелерін сатудың 32 эпизодын анықтады. Сот шешімі бойынша ер адам алаяқтық жасағаны үшін сотталып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол бұрын осындай қылмыс жасаған және сол үшін жазасын өтеп жатқандығы белгілі болды. Үкімдердің жиынтығында ер адам 4 жылға бас бостандығынан айырылды, – делінген хабарламада.
Жәбірленушілерге қатысты 2 млн 240 мың теңге азаматтық талап-арыздар қанағаттандырылды.