8 мал күдіктілердің қораларынан табылған, қалғаны сатылып кеткен
Батыс Қазақстан облысында 62 ірі қараны ұрлаған қылмыстық топ ұсталды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, облыстың полиция департаменті қызметкерлері Теректі ауданына қарасты Ақжайық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірігіп, ауданда мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты ұстаған. Олар 62 ірі қара малды ұрлап, соның 8-і қораларынан табылған.
Ұсталған азаматтардан Toyota Hilux пен Ford автокөлігі тәркіленді. Күдіктінің бірі ұрланған ірі қара малды Ford автокөлігіне айырбастаған. Сондай-ақ ұрланған малды сатып алып жүрген адам анықталды. Ол сиырларды нарықтағы төмен бағамен сатып алған.
Күдіктілердің бәрі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Ұсталған азаматтардың осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталып жатыр. Қазір Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы («Мал ұрлығы») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.