Halyq Uni логотип
×

Министр «Костенко» шахтасындағы апатқа кінәлі болуы мүмкін басшыларды атады

«Костенко» шахтасындағы апат салдарынан 46 кенші қаза тапты

 Дәурен Ерболат 09.01.2024 | 12:05
Министр «Костенко» шахтасындағы апатқа кінәлі болуы мүмкін басшыларды атады
көрнекі фото: voxpopuli.kz

Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов 46 кенші қаза тапқан «Костенко» шахтасындағы апатқа кінәлі болуы мүмкін жауапты басшыларды атады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында журналистердің бірі Төтенше жағдайлар министріне «Қорытындыда жұмыс берушілердің 100 пайызы кінәсі болғаны жазылған. Заңды бұзған 28 адам анықталды. Олар кімдер? Тағы да сол қарапайым жұмысшылар ма?» деп сұрақ қойды.

Сырым Шәріпханов тергеу жүргізіліп жатқанын, апатқа кінәлі болуы мүмкін басшылар барын атап өтті.

Қарапайым қызметкерлер емес – инженерлік-техникалық ұжым. Бұл – жауапты басшылар. Материалдар тергеу органдарына тапсырылды. Құқық қорғау органдары тергеу жүргізеді. Сот олардың кінәсін анықтайды.

Мен 28 адамның атын айта алмаймын. Жауапты жазбаша түрде берейік. Бірақ тізімде АМТ Бас директоры Яблонский, Ұжым жөніндегі директор Винокурова, АМТ Көмір департаментінің атқарушы директоры Белый және оның орынбасары Огай және тағы басқа басшылар бар, - деді ол.

2023 жылы «Қазақстан» мен «Костенко» шахтасында апа болды. 17 тамызда «Қазақстан» шахтасында конвейер таспасы өртеніп, апат болды. Апат кезінде шахтада 227 адам болған, оның 5-еуі қаза тапты. Ол кезде өңірде төтенше жағдай жарияланып, алғаш рет Кеншілер күні мерекесі тойланбай қалды.

27 қазанда «Костенко» шахтасында апат болып, нәтижесінде 46 адам қаза тапты. Апатқа байланысты елде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Жарылыс кезінде жан тапсырған кеншілердің мәйітін іздеу жұмысы бірнеше күн бойы жүргізілді.

Айта кетейік, апат болған екі шахта да «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ға тиесілі болатын. Аталған компанияның иесі шетелдік инвестор болғандықтан, бірқатар депутат пен қоғам белсенділері онымен келісімді бұзу қажеттілігін айтып, мәселе көтерді. Көп ұзамай компания шетелдік инвестордан қазақстандық кәсіпкер Андрей Лавреньтевтің меншігіне өтті. Қазақстан үкіметі жаңа инвесторға компанияның тұрақты жұмыс істеуі үшін жаңа инвестордың кемінде кәсіпорынға 3 млрд доллар инвестиция құю шартымен берілетінін айтты. 11 раундқа созылған келіссөз нәтижесінде Қазақстан үкіметі мен «АрселорМиттал» мемлекеттік Qazaqstan Investment Corporation тікелей инвестициялар қорының «АрселорМиттал Теміртаудың» барлық металлургиялық кәсіпорны мен Ақтаудағы құбыр зауытын сатып алуы туралы келісімге келді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама