Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда Хасбик сияқты 700 адам бар

Көп жағдайда диагноз бала 4 жастан асқан кезде қойылады

 Айгерім Таубай 09.01.2024 | 12:14
Қазақстанда Хасбик сияқты 700 адам бар
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда өсу гормонының тапшылығы диагнозы қойылған 700 адам бар. Мұндай деректі денсаулық сақтау министрлігінің ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Айта кетейік, бұл диагноз қойылған адамдардың бойы мен салмағы өз жасындағы орташа көрсеткішке сәйкес келмейді.

Мамандардың хабарлауынша, қазір елімізде 700 адам өсу гормонын алмастыратын гендік-инженерлік терапия алады. Министрлік өкілдерінен мұның алғашқы белгілерін де нақтыладық.

Көп жағдайда диагноз бала 4 жастан асқан кезде, оның өсуі мен салмағының жетпеуі негізінде клиникалық және зертханалық тексеруден кейін қойылады, - дейді мамандар.

Диагноз қойылған баланы емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес, өсу кестесін құрып, ауксология бағдарламасы бойынша физикалық дамуды бағаланады. Сүйек жасын анықтап, өсу гормонының резервіне стимуляциялық сынамалар жүргізіледі.

Ал ауксология бағдарламасы деген – адамның өсуі мен даму процесін зерттеуге бағытталған антропологияның бір бағыты.

Егер өсу гормонының жетіспеушілігі анықталса, балаға үйде алатын өсу гормонын алмастыру терапиясы тағайындалады. Әрі қарай пациент педиатр мен эндокринологтың динамикалық бақылауында болады, - дейді мамандар.

Егер балаға диагноз уақытында қойылып, терапия дер кезінде басталса, өсу гормонының жетіспеушілігі бар науқастардың өмір сүру ұзақтығы басқа адамдардың өмір сүру ұзақтығынан ерекшеленбейді.

Мамандар бұған не себеп болатынын да айтты. Өсу гормонының жетіспеушілігін туа біткен деп нақтылады. Оның ішінде генетикалық бұзылулар, сондай-ақ миға операция, ісікке қарсы химиотерапия жасағаннан кейін пайда болуы мүмкін. Алайда экологиялық факторлар аурудың дамуына әсер етпейді және өсу гормонының жетіспеушілігіне себеп бола алмайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама