×

Министр қазақстандықтарға ескерту жасады: 800 мыңға жуық бала екпе алмаған

Денсаулық сақтау министрі ата-аналарға кеңесін беріп, тиісті екпелерді уақытында алуға шақырды

 Дәурен Ерболат 09.01.2024 | 11:13
Ажар Ғиният, фото: primeminister.kz

Қазақстанда алты жасқа дейінгі 800 мыңға жуық бала қауіпті инфекцияға қарсы вакцина салдырмаған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ажар Ғиният былтыр Қазақстанда қызылша ауруын жұқтыру көрсеткіші күрт өскенін еске салды.

Соңғы 15 жылдың ішінде республикада 3 рет қызылша ауруының өсуі тіркелді. Бұл – 2005, 2015 және 2019 жылдар. Аурудың кезекті өсуі 2023 жылы басталды. 2023 жылдың соңында елімізде қызылшаның 29 648 жағдайы тіркелді. Оның 80 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар.

Сырқаттанудың 84 пайызы вакцина алмаған балалар есебінен болды. Былтыр желтоқсанда қарашамен салыстырғанда 11 өңірде сырқаттану өскені байқалды, - деді министр.

Тұрақтандыру жұмысы 6 өңірде байқалған: Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Жетісу және Түркістан облыстарында байқалды.

Аурудың төмендеуі 3 өңірде тіркелген: Шымкент қаласы, Жамбыл, Ұлытау облыстарында тіркелді.

Ажар Ғиният қызылша ауруының алдын алу үшін қандай шаралар қабылданғанын атап өтті.

«Біріншіден, былтыр ауруға қарсы жоспарлы вакциналау жүргізілді. Алты жасқа дейінгі 700 мыңға жуық бала екпе алды.

Екіншіден, қызылша жұқтырған – вакцина алмаған балалар тіркеп, былтыр қыркүйекте Үкімет резервінен қаражат бөлініп, қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның 1,5 млн дозасы сатып алынды. Қарашадан бастап аталған инфекцияға қарсы қосымша вакцинациялау жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда қосымша вакцинациялау шеңберінде 930 мыңнан аса адам екпе алды, барлық жоспардың 62%-ы қамтылды, күн сайын 20 мыңнан аса адам екпе алып жатыр», - деді министр.

Министрдің дерегіншүе, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында тиісті контингенттің 70%-дан астамы қосымша вакцина алған. Алайда, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласында вакцинациялау деңгейі әлі 55 пайыздан төмен.

Министр Қазақстанда қауіпті инфекцияға қарсы екпе алмаған 800 мың жуық бала (6 жасқа дейінгі) барын жеткізді.

«Түрлі инфекциялар мен сырқаттанудың өсуі ата-аналарға балаларды вакцинациялаудан бас тартуға мүмкіндік беретін 2015 жылы енгізілген заң нормаларымен тікелей байланысты. Осының салдарынан 5-7 жылда халықтың арасында иммунитеті төмен адамдардың қатары өсті. Бүгінде 6 жасқа дейінгі 800 мыңға жуық бала дефтерия, полимелит, туберкулез және тағы басқа қауіпті инфекцияға қарсы екпе алмаған және қорғалмаған. Осыған байланысты министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, биыл балаларды ұлттық вакцинациялау күнтізбесі шеңберінде жоспарлы екпелерді өткізіп алған балаларды қосымша вакцинациялау бойынша кешенді жұмыс жүргізеді», - деді ол.

Министр ата-аналарға кеңесін беріп, тиісті екпелерді уақытында алуға шақырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама