Ақмола полицейлері қар құрсауында қалған 900-ге жуық көлікке жол бастап жүрді

Динара Амантай

Облыстың автожолдарында жүздеген көлік қалды

Фото: polisia.kz

Ақмола полицейлері қар құрсауында қалған 900-ге жуық көлікке жол бастап жүруді 2 сағат ішінде ұйымдастырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазір патрульдік экипаждардың сүйемелдеуімен жеңіл және жүк көліктерінен жасалған колонналар елорда бағытында қозғалысын жалғастырып жатыр. Ауа райына байланысты Ақмола өңірінде Көкшетау қаласы мен Астананың айналасындағы барлық бағыттар бойынша автокөліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелген.

8 қаңтарда Алматы – Екатеринбург, Астана – Петропавл, Астана – Қарағанды, Астана – Ерейментау – Шідерті, Көкшетау – Рузаевка халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарды, сондай-ақ облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды жабу туралы шешім қабылданды. Қатты желдің, боранның салдарынан көріну шектелгендіктен облыстың автожолдарындағы қар құрсауында жүздеген көлік қалды.

Қазір батальон мен патрульдік полиция ротасының экипаждары күшейтілген режимде қызмет етеді. Көрінбейтіндігіне қарамастан, полиция қызметкерлері тасжолдарды күзетіп, көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сонымен қатар жүргізушілерге көмекке келеді.

Сағат 13:00-де полицейлер Астана қаласына дейін 530 (460 жеңіл, 70 жүк) автокөліктің бірінші колоннасын ілесіп алып жүруді бастады. 350 көліктің тағы бір колоннасы кері бағытта жүріп барады. Күні бойы полицейлер көліктерді ілестіріп алып жүруді жалғастырады.

Полиция қызметкерлері азаматтардан елді мекендерден тыс жерлерге барудан бас тартуды және жолдардың жабылуы туралы құзыретті органдардың хабарламаларын мұқият қадағалауды сұрайды.