Күдікті жазадан қашқысы келген
Екібастұз қаласында адам өлтірген деген күдікпен жазадан қашып жүрген Ресей азаматы ұсталды.
Polisia.kz-тің мәліметіне қарағанда, Ресей Федерациясының тергеу органдары С. деген азаматқа былтыр 29 мамырда іздеу жариялаған. Ол Челябі қаласы орталық аудандық сотының 2023 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысымен Қылмыстық кодекстің 105-бабы 2-бөлігі мен 213-баптың 2-бөлігі бойынша қылмыс жасады деген күдікпен айыпталып отыр.
Павлодар қаласы №63 мекемесінің бастығы Берік Рахимовтың айтуынша, күдікті жедел-іздестіру кезінде Екібастұз қаласында ұсталған.
Қазір шетел азаматы Павлодар облысының «№63 мекеме» РММ-ге қамалған. Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері Ресейде кісі өлтіргені үшін іздеуде болған қылмыскерді экстрадициялауға дайындалып жатыр, – деді ол.
Ер адам – Тәжікстан Республикасының тумасы. Бұл оның Ресей Федерациясына экстрадициялануына кедергі келтірмейді. Онда Тәжікстан Республикасының төлқұжаты да бар. Жақын арада ол Ресейге жіберіледі.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 590-бабына сәйкес, оны қылмыстық қудалау үшін Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарына экстрадициялауға ешқандай кедергі жоқ.