Полиция қылмыстық іс қозғады
Шымкентте ер адам мешіттен 800 мың теңгенің сырт киімін ұрлаған, деп хабарлады Polisia.kz.
Жергілікті тұрғын Әл-Фараби ауданының полиция басқармасына ұрлық жасалғанын айтып арыздарған.
Ер адамның айтуынша, қаладағы орталық мешіттердің бірінде белгісіз біреу оның ілгіште тұрған 800 мың теңге болатын сырт киімін ұрлаған. Полиция Қылмыстық кодекстің 188-бабы («Ұрлық») бойынша іс қозғап, күдіктіні жедел-іздестіруге кірісті. Мешіттегі бейнебақылау камеларын тексеру кезінде ер адамның қымбат күртешені киіп, оқиға орнынан ізін суытқаны анықталды.
Полицейлер жігітті қаладағы жалға берілген пәтерлердің бірінен ұстады. Ал қымбат күртеше иесіне қайтарылды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексерілуде.