Жетісу облысында әскерге барғанына 3-ақ ай болған сарбаз көз жұмды
Оның жағдайы Атыс дайындығы сабақтарынан кейін нашарлай бастаған
Қарулы күштер қатарында небәрі 3 ай қызмет еткен сарбаз қаза тапты. Қорғаныс министрлігі жігіт кенет менингиттен көз жұмды десе, туыстары оның ауырып өлгеніне сенбей отыр.
«Астана» телеарнасының хабарлауынша, Әмір Байтұрғанов әскерге 2023 жылдың күзінде шақырылған. Марқұмның әкесі оның өз болашағын Отанға қызмет етуге және қорғауға арнағанын, әскерге шын ықыласымен барғанын атап өтті. Сонымен қатар баласының спортпен шұғылданып, әрқашан шымыр болғанын айтады. Алайда марқұмның отбасы 21 желтоқсанда қаралы хабар естіген.
Түнгі сағат 03:00-де әскери бөлімнен қоңырау шалынды. Олар сіздің ұлыңыз ес-түссіз жатыр деп хабарлады. Менің бөлімге дереу келуімді сұрады. Сол күні таңғы сағат 06:20-да ұлым есін білмей, көз жұмды, – дейді марқұмның әкесі Мұрат Байтұрғанов.
Сарбаздың жағдайы Атыс дайындығы сабақтарынан кейін нашарлай бастаған. Сол күні ол жоғары дене қызуымен ауруханаға түскен. Бір уақытта әскери бөлімдегілер оның қызуын басқандай болғанмен, ауруы қайта асқынған.
Кешке қарай науқастың жағдайы нашарлады. Дене қызуы экстремалды жағдайға дейін көтерілді. Осыдан кейін науқас орталық аудандық ауруханаға жеткізілді. Сот-медициналық сараптаманың деректері бойынша өлімнің алдын ала себебі жедел инфекциялық ауру – менингит деп анықтама берілді, – деді Бас әскери-медициналық басқарма басшысының орынбасары Берік Ілиясов.
Алайда марқұмның туыстары балаларының менингиттен мерт болғанына сенбей отыр. Олардың айтуынша, жігіт ұзақ уақыт бойы бүйрегінің ауырып жүргеніне шағымданған. Бірақ уақтылы ем-домын ала алмаған.
Бұған дейін бүйрегі ауырғанын медициналық бөлімдегілерге айтып, бірнеше рет жүгінген. 28 қарашада ол ультрадыбыстық зерттеу жүргізу үшін бөлімнің медициналық қызмет басшысына жүгінеді. Тек 6 желтоқсанда олар қалаға барып, ультрадыбыстық зерттеу жүргізіп, екіжақты пиелонефрит диагнозын қойды. Оны сол күні-ақ бірден әскери госпитальға жатқызғанмен, 3 күннен кейін шығарып жіберген, – дейді марқұмның әкесі.
Ол ұлымен жиі хабарласып тұрғанын айтады. Сонда анықталғандай, казармаға лауазымды тұлғалар тексеріспен келген. Олар «қалай тексеріс бітеді, дереу емханаға жатқызылады» деген. Бірақ жағдай мүлде басқаша болған.
Туыстары балаларын созылмалы пиелонефриттен көз жұмды деп отыр. Ал Қорғаныс министрлігі сарбаздың бүйрек ауыруынан қайтыс болғанын жоққа шығарды.
5 желтоқсанда жасалған сот-медициналық деректеріне сәйкес және аурудың тарихын зерттей келе, өлім себебі арасында еш байланыс жоқтығын көрсетеді, – деді Берік Ілиясов.
Марқұмның әкесі енді Бас прокуратурадан тергеу барысын ерекше бақылауға алуды сұрап отыр.