43,8 млн теңге ұрланды: ҚазҰАЗУ түсінік берді
Жаңа басшылық заңсыздықтарға жол бермейді
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ғылыми зерттеу жұмысына бөлінген 43,8 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты ұрланды деген ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ҚазҰАЗУ баспасөз қызметінің мәліметінше, бюджет қаражаты жоғары оқу орнынан 2020 жылы мемлекеттік сатып алуды іске асыру аясында жымқырылған.
2020 жылы университет пен Ai-Tall ЖШС арасында (5,8 млн теңгеге «амиак селитрасын» сатып алу бойынша), «КемалханСтройЭлит» ЖШС-мен (15,8 млн теңгеге «аммофос» сатып алу және жеткізу бойынша) және «ҚазТрайдСнаб» ЖШС-мен (22 млн теңге сомасына «қант жүгерісі» тұқымын сатып алу және жеткізу бойынша) келісімшарт жасалған. Бұл келісімшарт бойынша тұқым себу және себу орындарын өңдеуді растау актісінде жалған деректер көрсетілген.
«ДарМирАудит» компаниясының тексерісі барысында университеттің мемлекетке 43,8 млн теңге көлемінде залал келтіргені анықталған.
Сондай-ақ университетте жеке кәсіпкерлерге жалға берілетін бірқатар тұрғын емес коммерциялық үй-жай (дүкендер, асханалар және тағы басқа) бар.
«2012-2022 жылдар аралығында «Дана ЖК» коммерциялық үй-жайларды (дүкен үшін) тұрақты түрде жалға алған. Ол ай сайынғы жалдау ақысын университеттің бұрынғы қызметкеріне қолма-қол ақшамен және мобильді аударым арқылы беріп отырған. Алайда қаржы университеттің есеп шотына түспеген. Бұл фактілер Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы және Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген, - деп жазылған хабарламада.
Университеттің жаңа басшылығы 2023 жылдан бастап заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде ЖОО жатақханалары мен оқу аудиторияларын қайтару бойынша барлық қажет шараны қабылдаған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда аграрлық университетте ақша жымқырылғаны хабарланған еді.