×

Шекараны күзету барысында 632 құқық бұзушы ұсталды – ҰҚК

Тоқаев Сағымбаевпен кездесті

 Қымбат Елтайқызы 24.05.2022 | 17:55
фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомствоның осы айда атқарған қызметінің негізгі қорытындылары, алдағы кезеңге арналған міндеттері, ҰҚК-ні реформалау туралы жарлықты жүзеге асыру шаралары жайлы есеп берілді, деп хабарлайды Ақорда.

Сағымбаев президентке Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының халықаралық лаңкестікке қарсы іс-қимылдары, есірткі мен қару-жарақтың, соның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулардың заңсыз айналымына тосқауыл қоюға, мемлекеттік шекараларды нығайтуға бағытталған шаралар жайында баяндады.

«Тоқаевқа берілген мәліметтерге сәйкес, атқарылған іс-шаралар нәтижесінде бірқатар халықаралық және аймақтық есірткі таситын жол жабылды. Заңсыз айналымдағы 15 келіден астам психотроптық зат, 4 тонна прекурсор тәркіленді. Қару-жарақ әрі оқ-дәрілерді сатумен айналысқан қылмыстық топтардың әрекетінің жолы кесіліп, жасырын қоймалар анықталды. Терроризмге қарсы орталық штабтың жауынгерлік дайындық деңгейін сақтау үшін 3 командалық-штабтық, 29 жедел-тактикалық оқу-жаттығу жиыны өтті. Ел шекарасын күзету барысында 632 құқық бұзушы құрықталды. Сонымен қатар Каспийде 11 шақырымнан астам браконьерлік құрал тәркіленді. Құны 230 миллион теңгеден асатын валюта мен алтынның, 77,9 миллион теңге болатын тауарлардың, 2,5 миллион теңге көлеміндегі жанар-жағармайдың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды», – делінген ақпаратта.

Сонымен қатар мемлекет басшысына ҰҚК-ні реформалау жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы, соның ішінде негізгі жедел қызметтерге ел басшылығының тапсырмаларын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін, осы саладағы қызметтің тиімділігін арттыратын қажетті құрылымдық өзгерістер енгізу барысы жөнінде айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы: Ұлттық қауіпсіздік комитетін түбегейлі реформа күтіп тұр. ҰҚК-дегі ауыс-түйіс: Шекара қызметінің директоры тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама