×

Таразда 56 жастағы ер адам жаңажылдық шыршаны өртеп жіберген (ВИДЕО)

Күдікті кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды

 Еркеғали Болатұлы 31.12.2023 | 16:20
фото: видеодан скриншот

Тараз қаласында тұңғыш президент саябағында орналасқан жаңажылдық шыршаны қасақана өртеп жіберген күдікті ұсталды.

Жамбыл облыстық полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Таразда 31 желтоқсанда сағат 08:29-да бейнебақылау камераларына тұңғыш президент саябағы аумағында орнатылған жаңажылдық шыршаның өртенгені түсіп қалған. Жедел іс-шаралардың нәтижесінде полицейлер 56 жастағы ер адамды ұстады.

Күдікті кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 202-бабы бойынша («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру») сотқа дейінгі тергеу басталды, - делінген полиция хабарламасында.

Айта кетсек, осы қылмыс үшін 2 мың АЕК-ке (6 900 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама