Петропавлда 80 жыл бойы зауыт қоймасы ретінде пайдаланылған көне мешіт қалпына келтіріліп жатыр

Самат Жақып

Көне нысанды қалпына келтіруге 400 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалмақ

фотолар: Halyq Uni

Петропавлда ХІХ ғасырда салынған көне мешіт қайта қалпына келтіріліп, жаңартылып жатыр. Жарамсыз күйге түскен тарихи нысан 80 жылдан астам уақыт Киров атындағы зауыт қоймасы ретінде пайдаланалып келген деп, хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ресми деректерге сүйенсек, бұл мешіт 1857 жылы пайдалунға берілген екен. Ол жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша кәсіпкерлердің қаражатына тұрғызылған. Бір жарым ғасырдан астам тарихы бар ғимарат, алдағы уақытта Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының меншігіне берілетін болады.

1921 жылы Петропавлда 9 мешіт болған. Оның алтауы тастан, қалғаны ағаштан салынған. «Архив-2025» бағдарламасы аясында аталған ғибадатхананың тарихына байланысты маңызды құжаттар 5 жылға жуық уақыт бойы Ресей елінен жинастырылды.

«Бұл мешіт қалада төртінші болып салынған екен. 2019 жылдан бері біз оған қатысты барлық құжаттарды жинауды бастадық. Себебі тиісті мағлұматтар бізде жоқ. Сондықтан Ресейден көмек сұрадық. Нақтырақ айтсақ біз Санк-Петербор қаласындағы тарих архивіне, одан кейін Орынбор, Уфаның Башқұрстан архивіне және Омбымен Томск архивтеріне де сұраулар жіберген болатынбыз. Нәтижесінде жақсы деректер табылды. Санк- Петерборда көптеген құжаттарды ақтарып, біз үшін құнды дүниелер анықталды. Яғни Петропавлда алғашқы мешіт 1795 жылы тастан салынғандығы белгілі болды. Ол мешіт тарихта «Қасымов мешіті» деп аталған. Одан кейін 1849 жылы Петропавлда үлкен өрт болып, салдарынан ағаштан салынған ғимараттар түбегейлі жанып кеткен екен. Сондықтан халықтың сұрауы бойынша Батыс-Сібір генерал-губернаторының тапсырмасымен ішкі істер министрлігіне мешіт салу жөнінде ұсыныс беріледі. Осылайша 1847 жылы мешіттер салу жөнінде типтік жоба қабылданған. Артынша жобаны халық өздері өзгертіп жасаған. Мына ғиббадатхана жергілікті кәсіпкерлердің қаражатына салынған. Құны - 10 мың рубль. Ал Уфа қаласындағы Башқұрстанның мемлекеттік архивіндегі құжаттарға сүйенсек, 1895 жылы бұл мешітің имамы Ғафиз Абдрашитов деген кісі болғанын көреміз. Сосын 600-ге жуық  мұсылман сол мешітке тіркелген екен», - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.

Ал 1870-ші жылы аталған ғимараттың жанынан медресе салынады. Оның қаржысын Давлеткильдеев деген көпес өз мойнына алған. Ал 1930-шы жылы сол кездегі солақай саясат нәтижесінде өңірдегі барлық мешіттің есігіне жаппай құлып ілінеді. Артынша олар пионер клубтарына, ойын-сауық орталықтарына айналады. Қайта жаңартылып жатқан бұл мешітті 1942-ші жылы Киров зауыты қойма ретінде пайдалана бастайды. Дегенмен, оның ғимарат жоспары сол қалпында сақталған. Оның осы күнге дейін сақталуындағы сыры осында жатыр.

«Ғимараттың бастапқы кейпін сақтап қалу біздің басты міндетіміз. Бұл мешіттің ерекшелігі 165 жыл бұрын салынса да мұнарасы сол қалпы сақталған. Құрылыс жұмыстарын іске асыру барысында мінберін, намаз оқу залын және басқа да бөлмелерді қайта қалпына келтіреміз», - дейді ҚР суретшілер одағының мүшесі, жоба авторы Болат Әсербеков.

Тарихи нысанды қайта жаңғырту жұмыстары өткен жылдың желтоқсан айында басталды. Бұл мақсатқа 400 миллион теңгедей қаржы бағытталып отыр. Мердігер компания - «Благоустройство-Север» ЖШС. Құрылысшылар оны қыркүйек айына дейін тапсыруды жоспарлап отыр.

«Есік-терезелері сол қалпында қалады. Қазір оларды арнайы тапсырыспен жасатып жатырмыз.  Бұл нысанға екі ғасырдай уақыт болған. Сондықтан біраз дүниесі әбден ескірген. Іргетасы да үгітіліп жатыр. Бірақ қазір біз оны арматурамен күшейтіп жатырмыз. Қазір шамамен жалпы жұмыстың 40%-ы атқарылды», - дейді құрылыс меңгерушісі Марат Кәкіжанов.

Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, биыл үшінші тоқсанда бұл мешіт «Ислам мәдениетінің музейі» болып қайта ашылады.