×

СҚО-да балалар ауруханасында 900 млн теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталды

Тексеру комиссиясының қаулысымен аудиторлық қорытынды бекітілді

 Динара Амантай 28.12.2023 | 17:40
Фото: СҚО бойынша тексеру комиссиясы

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Отырыс барысында облыстық балалар ауруханасы қызметінің тиімділігіне, балаларға сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында бөлінген мемлекет активтерін пайдалануға қатысты аудит нәтижелері қаралды.

Жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша, жалпы көлемі 267 млн 692,5 мың теңгенің ҚР заңнамасын бұзу, оның ішінде 869,4 мың теңге көлемінде бюджетке өтелуге жататын қаржылық бұзушылығы, 266 млн 823,1 мың теңгені тиімсіз жоспарлау анықталды. Бұдан басқа 16 рәсімдік бұзушылық және аурухана қызметінде 3 кемшілік белгілі болды.

Жүргізілген мемлекеттік аудитте балалар облыстық ауруханасының тиімсіз қызметі, даму жоспарының көрсеткіштері бойынша нәтижелерге қол жеткізбеу, аурухана қызметінде ашықтықтың болмауы, жекелеген жағдайларда дәрігерлік персоналдың сапасыз жұмысын куәландыратын бірқатар бұзушылық пен кемшіліктер анықталды.

Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша, бюджетке 869,4 мың теңге өтеліп, аурухананың кірісінен 14,2 мың теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбының сомасы өндірілді.

Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне берілген материалдар бойынша лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерінде әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар ҚР ӘҚБтК 207-бабының 10-бөлігі бойынша аурухананың 2 лауазымды қызметкеріне жалпы 258,7 мың теңге айыппұл салынды, – делінген хабарламада.

Тәртіптік жауапкершілікке 10 лауазымды тұлға тартылды.

Мемлекеттік аудит нәтижелерін қарау қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының қаулысымен аудиторлық қорытынды бекітілді. Аудит объектісіне және уәкілетті органға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жіберілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама