Астаналықтарға сақ болуға кеңес берілді
Ауа арайының күрт жылуына байланысты мұз еріп, жұқаруы мүмкін
Жаңа жыл мерекесі кезінде Астана тұрғындары сақ болуға тиіс, деп хабарлады елорда әкімдігі.
Алдағы күндері Астанада ауа температурасы -2 градустан +1 градусқа дейін жылынады. Бұл мұздың күрт еруіне және қалыңдығының төмендеуіне әкеледі.
Желтоқсанның соңына қарай ауа температурасының жоғарылауына байланысты мұз еріп, жұқаруы мүмкін.
Осыған байланысты мұз үстінде күтпеген және төтенше жағдайды болдырмау үшін Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті елорда акваторияларының мұз бетінде қандай да бір бұқаралық спорттық іс-шараларды, ойындарды, сырғанауларды өткізбеуге кеңес берді, - деп жазылған хабарламада.
Құтқарушылардың айтуынша, мұзда жүру қауіпсіз болу үшін оның қалыңдығы бір адам үшін кемінде 10 сантиметр, ал бұқаралық спорттық, мерекелік іс-шараларды және көлік өткелдерін ұйымдастыру үшін кемінде 25 сантиметр болуға тиіс.