Амалбек Тшанов спорт саласын жетік білмейтін азаматтарға наразылық білдірді
Бүгін Алматыда Республикалық спорт колледждің ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрап үндеу жолдады.
Колледждің жабылуына байланысты аты аталған спорт ордасын 14 жыл басқарған Амалбек Тшанов, мектептің түлектері, еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, ауыр атлетикадан әлем чемпионы атағын жеңіп алған алғашқы қазақ Жасұлан Қыдырбаев, спорт журналисі Алим Анапьянов пен басқа да азаматтар баспасөз-мәслихатын өткізді.
«Ешқандай себепсіз, жоспарсыз, жобасыз жабылғаны жанымызға батады. Колледждің оқушыларына жауап бере алмай келе жатқанымызға, 500 баланың ата-анасының жанайқайына міне, бір айдан астам уақыт болды. Республикалық спорт колледжі – қазақ спортының қарашаңырағы. Мен осы мектепті басқарып, оны жақсарттым. Болашаққа үлкен үмітпен қарап келе жатқанымызда біздің спорт колледжінің жаттықтырушыларын, оқытушылары мен оқушыларын алдап кетті», - деді ол.
Спорт колледжін 14 жыл басқарған Амалбек Тшанов түрлі сылтаумен колледжді жауып тастауға, спортты жетік білмейтін жандардың спорт саласын басқарып жатқанына наразылығын білдірді. Ал Ислам Байрамуков Спорт колледжін жабу туралы шешім қабылдаған азаматтардың ісін айыптады.
Ол Мәдениет және спорт министрлігінің колледжде білім алып жатқан студенттердің Алматыдағы 2 республикалық және 1 қалалық спорт мектеп-интернатына ауыстырылатыны ешқандай нәтиже бермейтінін айтты. Оған дәлел ретінде Байрамуков аталған оқу ордаларында спортшылардың өздері қатысатын жарыстары бар екенін, Спорт колледжі студенттерінің оқу кестесімен және жарыстарға дайындығымен сәйкес келмейтінін атап өтті. Одан кейін жиынға қатысқан басқа азаматтар сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына үндеу жолдады.
Бұған дейін Мәдениет және спорт министрлігі спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев колледжде білім алып жатқан студенттердің Алматыдағы 2 республикалық және 1 қалалық спорт мектеп-интернатқа ауыстырылатынын айтқан болатын.
«Ешкім оқусыз немесе жұмыссыз қалмайды. Аталған жайт министрлік, комитет тарапынан алдын ала қарастырылды. Жабылатын спорт колледжінің аумағында Үкімет тарапынан қолдау болса, спорттық модульдік инфрақұрылым салу жоспары бар. Ол жерде спортшылар тиісті деңгейде жаттығу мүмкіндігіне ие болады. Ал бапкерлерге келсек, олар да жұмыссыз қалмайды. Бапкерлер «Шаңырақ» және Кәкен Ахметов атындағы спорт мектебі интернатына барады. Ал кей бапкерлер қалалық спорт мектептерінде жұмысын жалғастырады», – деген еді ол.