Қазақстанда қызылша жұқтырған 2 бала қайтыс болды – ДСМ

Дәурен Ерболат

Екі бала да қызылшаға қарсы вакцина алатын жасқа толмаған

Айжан Есмағамбетова, фото: Halyq Uni

Елімізде қызылша жұқтырған 2 бала көз жұмды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары – Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Қызылша ауруынан 2 бала өлімі тіркелді. Олар – бір жасқа дейінгі балалар және қызылшаға қарсы екпе алу жасына толмаған. Бұл оқиға Астана мен Шығыс Қазақстан облысында болды. Шетінеген балалардың бірі шала туған. Ол бұған дейін де аурушаң болған және қызылша жұқтырған», - деді Айжан Есмағамбетова Сенат кулуарында.

Қазақстанда қызылшаға байланысты эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Сарапшылар вакцина салдырмаған балалардың қызылшадан көз жұмуы мүмкін екенін ескертті.

Денсаулық сақтау министрлігі вакцина салдыруға қарсы ата-аналарға қатысты сараптама жүргізген. Соған сәйкес, ата-аналардың бір бөлігі жеке ұстанымы бойынша вакцина салдыруға қарсы. Бір тарап діни наным-сенімі бойынша салдырмайды. Енді бірі ненің дұрыс, ненің бұрыс екенінің аражігін ажырата алмай жүр.