Олар «бір күндік фирмаларды» жақын туыстары мен таныстарының аттарына тіркеген
Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топтың 5 мүшесі қаражатты қолма-қол ақша түрінде шығарып берумен және жалған шот-фактураларды жазумен айналысқан, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
Анықталғандай, ҰҚТ мүшелері мекемелерге екінші деңгейлі банк шоттарынан жүйелі түрде қаражаты заңсыз қолма-қол ақша түрінде шығарып беріп отырған. Бақылауындағы 17 коммерциялық компания арқылы 5 млрд теңгеден астам сомаға коммерциялық ұйымдарға құрылыс-монтаж жұмыстары, көлік қызметтері және халық тұтынатын тауарларды жөнелту бойынша қызмет көрсетуге жалған шот-фактуралар жазып беру арқылы салық төлеуден жалтаруға көмектескен, – делінген хабарламада.
Қылмыстық топ ұйымдастырушылары «бір күндік фирмаларды» жақын туыстары мен таныстарының аттарына тіркеген.
Сот үкімімен 5 айыпталушы кінәлі деп танылып, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.