Жамбыл облысында су шаруашылығына қатысты бірқатар бұзушылық анықталды

Динара Амантай

Лауазымды қызметкерлер жауапқа тартылды

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі

Жамбыл облысында су шаруашылығына қатысты бірқатар бұзушылық анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, биылғы шілдеде ведомствоның алқа мәжілісінде өңрдің су шаруашылығы жүйесін дамытуға бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығы мәселелері қаралған.

Тексеру нәтижелері су шығынының жоғары деңгейін, гидроқұрылыстардың тозуын, объектілерді жөндеуге қаражаттың тиімсіз жұмсалуын, сондай-ақ суды үнемдеудің ескірген және тиімсіз технологияларын қолдануды көрсетті.

Бұзушылықтарды жою үшін облыс прокуратурасы Су ресурстары және ирригация министрлігіне және облыс әкімдігіне қадағалау актілерін енгізді.

Жол берілген бұзушылықтар үшін уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың бірқатар лауазымды қызметкерлері жағдайды түзету бойынша шаралар қабылдаумен қоса жауапкершілікке тартылды.

Атап айтқанда, трансшекаралық сумен жабдықтау мәселелері бойынша бейінді министрлікке суару арналары мен гидротехникалық құрылыстарды ауқымды қайта құру жөніндегі кешенді жоспар жолданды.

Жоспар шеңберінде өңірде 2025 жылға дейін көлемі 46,2 млн текше метр су болатын 13 су қоймасы салынады. Қазір 3 су айдынының құрылысы басталды.

Сумен жабдықтаудың 13 объектісі бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Осы жұмыстарды жүргізу үшін алдағы жылға Жол картасын бекітумен 1,1 млрд теңге бөлінді.

Су тапшылығы бар аудандарда жерасты суларын белсенді пайдалану бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Қабылданып жатқан шаралар кешені вегетациялық кезеңде суармалы суға тәуелділікті трансшекаралық су көздерінен 50%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жарияланған төтенше жағдай салдарынан келтірілген залал туралы мәліметтерді қалыптастырудың заңдылығын талдау нәтижесінде негізсіз шығыстардың алдын алу арқылы 890 млн теңге мөлшерінде Үкіметтің резервіне қайтарылды.

Облысты сапалы сумен қамтамасыз ету мәселелері прокуратура органдарының бақылауында қалады.