Атырау облысында әйелді құтқармақ болған тұрғын мұз астына түсіп кеткен (ВИДЕО)

Динара Амантай

Жұқа мұз үстіне бір уақытта 10-ға жуық адам шыққан сәтте мұз ойығы одан әрі үлкейген

Фото: polisia.kz

Атырау облысында полицейлер мұз астына түсіп кеткен әйел мен оған көмектеспек болған ер адамды құтқарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кеше сағат 19:20 шамасында аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне Құрманғазы ауданының Шарон өзені үстінде мұз ойылып кетіп, белгісіз әйелдің суға түсіп кеткені туралы хабар түскен. Аудандық полиция бөлімінен саптық жиыннан тарап келе жатқан полиция қызметкерлері тез арада оқиға орнына жетуге бағыттама алған.

Аталған хабарламаны естіген тәрбие және кадр бөлімшесінің инспекторы Роман Насихан да уақыт өткізбей, жеке автокөлігімен оқиға орнына жеткен. Бірінші жеткен ол автокөліктен арқан алып, мұз үстіне шыққан. Сол кезде ол көмекке келген ер адамның да мұз ойығына түсіп кеткенін көрген. Сол сәтте көмекке патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері Артур Каримов, Нұрхат Зұлқаров, Әділбек Темірболат, Жандос Ибатуллаев, Амандық Айдыналиев және учаскелік полиция инспекторы Дархан Аманғалиев көмекке келіп, суға кеткен әйел мен оны құтқаруға оқталып, өзі де ойылған мұз құрсауында қалған ер адамды құтқарып қалған.

Жұқа мұз үстіне бір уақытта 10-ға жуық адам шыққан сәтте мұз ойығы одан әрі үлкейген. Алайда адам өміріне араша болар сәтте аязды күнде мұзды суға қарамастан оқыс оқиғаға куә болып, бейжай қарамаған 1996 жылы туған азамат пен полиция қызметкерлері 1959 жылы туған әйелді жағаға шығарды. Мұзды су астында болған әйел мен қатты тоңған ер адамды жағадан шығарған кезде жедел жәрдем қызметкерлерінің келуін күтпей, полиция қызметкері Роман Насихан жеке автокөлігімен және патрульдік полиция қызметкерлері аудандық ауруханаға уақытылы жеткізген.

Қазір 64 жастағы әйел дәрігердің бақылауында.