Алматы облысынан келген 8-сынып оқушысы Ақжол Герой марапатталды
Астанада «Jibek Joly» телеарнасының ұйымдастыруымен «Жақсы адам-2023» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Сыйлықтың бас серіктесі – «Altyn Qyran Foundation» қоры.
Жобаның басты миссиясы – ерлік істері мен өмір тарихы арқылы ел дамуына зор үлес қосқан әрі жігерлендірген азаматтарды ынталандыру.
Салтанатты шара барысында «Altyn Qyran Foundation» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, меценат Исламбек Салжанов Алматы облысынан келген 8-сынып оқушысы Ақжол Геройды марапаттады. Ол былтыр қараша айында бақылаудан шығып кеткен автобустың ғимаратқа соқтығысуына жол бермей, ондаған адамның өмірін сақтап қалған.
Осы батылдығы үшін ол «Жақсы адам-2023» сыйлығының басқа лауреаттары сияқты естелік мүсіншемен, арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Биыл күзде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасында айтқанындай, әр азамат шынайы патриот, әділетті әрі жауапкершілікті болғанда Қазақстан көптеген биіктерге қол жеткізеді. Ақжол да өзге марапат иегерлері сияқты сын сағатта өзінің және айналасындағылардың өміріне жауапкершілік ала білді. Бұл – адамға тән кісіліктің әліппесі, - деп атап өтті Исламбек Салжанов.
Меценат Ақжолдың батылдығын жоғары бағалап, анасы Гүлнұр Дәулетоваға ел игілігіне Ақжолдай азаматты тәрбиелегені үшін айрықша алғыс білдірді.
Сонымен қатар Ақмола облысы ТЖД өрт сөндірушісі Арман Айқынбеков, параволейболшы Айсұлу Сүлейменова, Ұлттық нейрохирургия орталығының бөлім меңгерушісі Ербол Махамбетов, астаналық құрылысшы Мереке Едресов, ұстаз-дефектолог Сәуле Сағымбаева, Астана қалалық полиция департаментінің қызметкері Нұрсұлтан Темірболат ерліктері мен табанды еңбектері үшін марапатталды.