«Күміс жас» жобасы аясында 15,1 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды
Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет
Жыл басынан бері 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 15 мың 148 адам «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналастырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл осы бағыт бойынша барлығы 14 мың 295 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын.
50 жастан асқан және зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтар аталған жобаға қатыса алады. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.
«Күміс жас» жобасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жоба шеңберінде жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен іске асырады.
Субсидиялардың мөлшері жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) қамтиды.
«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнет жасына толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге, сондай-ақ зейнеталды жастағы азаматты зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыспен қамтуға міндетті.
«Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан (2103 адам), Алматы (1098 адам), Қарағанды (1092 адам) және Ақтөбе (1056 адам) облыстарында байқалады.