Қазақстандықтардың ЕуроОдақ елдеріне баруы жеңілдеуі мүмкін

Дәурен Ерболат

Өтінімді қарау мерзімі қысқаруы ықтимал

фото: Halyq Uni

Бүгінде Қазақстан мен ЕуроОдаққа мүше елдер арасында виза режимін жеңілдету үшін келіссөз жүріп жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

СІМ ресми өкілінің айтуынша, Қазақстан азаматтары үшін ЕуроОдақтың визалық режимін жеңілдету мәселелері бойынша ресми консультациялар бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстандықтар үшін Еуропа елдеріне визалық режимді жеңілдетудің бірінші кезеңі:

  • визалық алымды төмендету;
  • өтінімдерді қарау мерзімін қысқарту;
  • бірнеше визалардың қолданылу мерзімін ұлғайту.

Сондай-ақ Айбек Смадияров Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру, оларды оңтайландыру және автоматтандыру бағытында жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, ЕуроОдақ құрамына 27 мемлекет кіреді: Аустрия, Бельгия, Болгария, Венгрия, Германия, Грекия, Дания, Ирландия, Испания, Италия, Кипр, Латвия, Литва, Люксембург, Мальта, Нидерланды, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Словения, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Швеция және Эстония.