Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнайды – СІМ
Қазір қос елдің арасында келіссөз жүріп жатыр
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Вьетнам мен Қазақстан арасында визасыз режим енгізілетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
СІМ өкілінің айтуынша, қазір қос елдің арасында келіссөз жүріп жатыр.
2023 жылы Қытай және Вьетнаммен виза талабынан босату туралы келісімге қол қойылды. Өздеріңіз білесіздер, Қытаймен визасыз режим күшіне енді. Алдағы уақытта қос тарап мемлекетішілік процедураны аяқтаған соң, Вьетнаммен визасыз режим күшіне енеді, - деді Айбек Смадияров.
Еске салайық, 10 қарашада Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енді. Екі тараптың келісіміне сәйкес, Қытай және Қазақстан азаматтары көрші елде шекарадан өткен күннен бастап 30 күнге дейін визасыз бола алады. Жалпы 180 күн ішінде визасыз 90 күннен артық жүре алмайды.
«2023 жылғы 10 қарашада Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді. Осы келісімнің 1-ші бабына сәйкес, екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сонымен бірге іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспауы қажет», деп жазылған Қазақстан СІМ-нің хабарламасында.