×

ҰБТ-ға камера алып кірген оқушы 130 балл жинаған

Талапкер екінші мүмкіндігін пайдалану құқығынан айырылды

 Ербол Тұрымбет 24.05.2022 | 11:20
скриншот: видео

Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде оқушы видеокамера мен құлаққап қолданған. Бұл жайында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев хабарлады.

ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсеткен әрбір оқушы тексеріледі. Өткен аптада тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 21 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылған.

«Сонымен қатар жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерді қайта бақылау барысында ерекше назарымызға түскен тестіленушіге тоқталсам. Тест тапсырушы қаңтар айында 72 балл, ал негізгі ҰБТ-да 130 балл жинаған. Нәтижесі бірден 58 балға өскен, сондықтан біз қосымша күшейтілген бақылауды өткізуді жөн көрдік. Видеожазбаларды тексеру барысында талапкердің ҰБТ ережесін бұзғаны белгілі болды. Ол тестілеу барысында видеокамера мен мини құлаққап қолданған», - дейді Руслан Емелбаев.

Ұлттық тестілеу орталығының директорының мәліметінше, тест тапсырушының нәтижесі жойылып қана қоймай, осындай жағдайға жол берген қызметші тестілеуден шеттетілген. Оған қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, тиісті шара қолданылады. Ал, талапкер енді екінші мүмкіндігін пайдалана алмайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама