Қызметкердің кінәсі анықталса, ол қатаң жазаға тартылады
Павлодарда зейнеткерге медициналық қызметті дұрыс көрсетпеген мамандардың жұмысы тексеріледі, - деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Әлеуметтік желіде видео жарияланған. Онда егде жастағы әйелді көліктің еденіне жатқызып, ауруханаға апара жатқанын көруге болады.
Видео авторының айтуынша, зейнеткерді ауруханаға жеткізуге көлік табылмаған. Оған МРТ-ге түсу керек болған.
Әженің артық салмағы болған соң көліктің еденіне көрпе төсеп апаруға тура келді. Бұл – 21 ғасыр. Не деген масқара? Мал сияқты жерге тастады, еденде жатыр, - деді желі қолданушысы.
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы мен №1 қалалық аурухана әкімшілігі бұл дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ мұндайға жол берген қызметкерге қатаң шара қолданылатыны белгілі болды.