Атырауда екі ер адам шетелдікті қамауда ұстап, ақша бопсалаған
Түрлі дене жарақатын алған жәбірленуші ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген
Атыраулық полицейлер шетелдікті қамауда ұстап, ақша бопсалағандарды құрықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
15 желтоқсанда Атырау облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел ақпаратқа сәйкес жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Өзбекстан Республикасының 30 жастағы азаматын күш қолдану арқылы заңсыз ұстаған күдіктілерді тұтқындады. Олар қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінде шетелдік азаматты ұрып-соғып, 1 млн 100 мың теңге бопсалап, банк есепшоттарына аударуды талап еткен. Түрлі дене жарақатын алған жәбірленуші ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.
Күдіктілер – Өзбекстан және Қазақстан Республикасының 36 және 32 жастағы азаматтары уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігімен, 126-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілерге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, - делінген хабарламада.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.